Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Үміткер ауылдық округінің Төрткөл ауылында меңдеген мал ауруы шаруалардың маза қашырған мәселесіне айналды. Қауіпті кесел саналатын эпизоотиялық лимфангиттің кесірінен бүгінгі күнге дейін 300-ден астам жылқы жойылған.
Мәдениет Жұмәділдә эпизоотиялық лимфангит салдарынан 20 басқа тарта жылқы малының қырылғанын айтады. Биелері мен байталдарын емдеу үшін ол шығындалыпты, бірақ әрекетінен еш нәтиже шықпаған.
Мәдениет ЖҰМАДІЛДӘ, Төрткөл ауылының тұрғыны:
«Былтыр 10 бас өлді. Биыл тағы он бас қырылды. Әлі де ауруға шалдыққан жылқыларымыз бар. Қырылып жатыр. Егер дер кезінде емделмесе, жағдай ушығады. Біз бұл аурудан әбден қажыдық. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Әйтеуір, осылай телевидение арқылы жанайқайымызды жеткіземіз».
Жылқының жұқпалы індетін Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылдық округінде осыдан екі жыл бұрын сала мамандары мамыр айында анықтапты. Мұндай эпизоотиялық жағдай қазір үш ауылда тіркелген.
Дархан ИМАНБАЕВ, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясы биологиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы:
«Карантиндік аумақта Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряд мамандары жұмыс істейді. Олардың міндеті — бес күн сайын үлкен жылқы табындарын аралап, ауру клиникалық белгілері бар малдарды оқшаулау, сондай-ақ он бес күн сайын қора-жайларға дезинфекция жүргізу. Осы жұмыстарды біз қадағалап отырамыз».
Ал Қадиролла Жұмаділдәнің де 12 бас қылқұйрықты жануары ауырып өлген. 9 байталы ревакцинадан кейін құлын тастаған.
Қадиролла ЖҰМАДІЛДӘ, Төрткөл ауылының тұрғыны:
«Мұң-мұқтажымызды кімге айтамыз? Біз осы малға қарап отырмыз. Онсыз да лимфангит екені көрініп тұр. Мен жылқымды қалай емдеймін? Дәрі алып, егіп жатырмыз. Жазатын жерге жазамыз, қолымыз жеткен жерге дейін барамыз».
Эпизоотиялық лимфангитпен ауырған Үміткер ауылдық округінде жалпы саны 362 бас жылқы жойылған. Африкалық сапқа қарсы Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын зерттеу институты вакцина әзірлеген. Қазір екпеге қатысты ережеге өзгерістер енгізіліп жатыр, деді Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік алаңында өткен брифингте Ерлан Құсайын.
Ерлан ҚҰСАЙЫН, Бұқар жырау ауданының әкімі:
«Мәселе өте маңызды, оны жақсы түсінемін. Біз де сол ауылға барып, халықпен кездестік. Тиісті вакцина толық тіркеуден өтіп, барлық зертханалық және ғылыми зерттеулер аяқталғаннан кейін, аталмыш аумақтағы бүкіл мал толықтай вакцинациядан өтетін болады».
Африкалық сап тек құйма тұяқты жануарларға жұғады екен. Індетке шалдыққан жылқының денесін ірің жайлап, артынша жүріп-тұрудан қалады, дейді сала мамандары.
Үміткер ауылдық округінде 339 бас жылқы үшін 151 миллион 650 мың теңге өтемақы төленген. Әйтсе де, жауаптылар өтемақыны толық төлемеген.
Дархан ИМАНБАЕВ, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясы биологиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы:
«Өтемақының кешіктірілу себептері — біріншіден, статистикалық бағалаудың кеш шығуы, екіншіден, жылдың басында бюджет бекітіледі. Бюджетті нақтылау процедуралары бар. Осындай себептер болуы мүмкін. Дегенмен, өтемақы нақты уақытында төленіп жатыр».
Тұрғындар қырылған малдарына өтемақы төлеу мәселесі жеделдетілмесе, құзырлы органдарға жүгінеміз деп отыр.