Қазақстанда сібір жарасы таралуы мүмкін бе? Қостанай облысы Приречное ауылында жануарларда қауіпті ауру табылып, карантин жарияланды. 26 бас ірі қара өлген. Біздің тілшіміз Қарағанды облысындағы жағдайды білу мақсатында маманнан сұхбат алды. Себебі 2016 жылы дәл осы облыстың Шет ауданы Еркіндік ауылында Сібір жарасын жұқтырған екі адам қайтыс болған еді.
Биыл Қарағанды облысының аумағында сібір жарасы ауруы тіркелмеген. Адамдар арасында қауіпті дерт соңғы рет 2023 жылы Абай ауданы Топар кентінің аумағында кездескен. Әзірге аурудың таралу қаупі жоқ. Дегенмен мамандар көбіне мал шаруашылығында жүрген адамдарға абайлауға кеңес береді.
Назерке Қыздарбек, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы
Сібір жарасымен әдетте малшы, шопан, ветеринар секілді ауру жануарларды күтетін адамдар, сондай-ақ теріні өңдеумен, былғарыдан, жүннен және т. б. бұйымдар өндірумен айналысатын адамдар ауырады.
Сібір жарасының адамнан адамға таралуы өте сирек кездеседі. Инфекция көзі-ірі қара және ұсақ мал,тұяқты жануарлар. Кейбір жағдайда ит пен мысықтан да жұғуы мүмкін екен.
Назерке Қыздарбек, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы
Егер сіздегі қол малыңыздан аурудың қандай да бір белгілерін байқасаңыз, дереу ветеринарлық қызметке хабарласыңыз, сібір жарасына тән клиникалық белгілер пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек. Өз бетімен үйде емдеп көруге болмайды.
Сонымен қатар, халық арасында сібір жарасы жағдайларының алдын алу мақсатында Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Назерке Қыздарбек келесі кеңестерді назарда ұстауға шақырады:
- ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет және сүт өнімдерін) тек ветеринариялық бақылаудан өткен дүкендерден немесе базарлардан сатып алу керек;
- жануарлардан алынатын өнімдерді термиялық өңдеу-етті мұқият қуыру, сүтті қайнату қажет;
- ауыл шаруашылығы жануарларына қызмет көрсету кезінде гигиенаны сақтау, қолды сабынмен жуу, қорғаныс құралдарын (қолғаптарды) пайдалану, әсіресе ауру жануарлармен байланыста болған кезде қажет;
- жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау маңызды.
Биыл Жетісу облысында сібір жарасының ондаған иесіз жерленген жерлері табылды. Қазақстанның батысында көктемгі су тасқыны салдарынан жұқпалы дерттің 14 қорымы су астында қалған. Мамандар мал иелерін уақытылы екпе салдыруға және белгілер пайда болған жағдайда бірден ветеринарға жүгінуге шақырады.