Қарағанды облысында су тасқыны кезінде бүтін бір отбасын қызыл судан құтқарып қалған шабандоз жігіт тұрады. Шет ауданы Әлихан ауылының тұрғыны Нұрболат Рысмағанбетов техника бара алмаған жерден атпен өтіп тәуекелге барған. 17 жастағы Нұрболат Рысмағанбетовті ауылдастары ат бегі ретінде танитын. Қазір су тасқыны кезінде 5 адамды құтқарған қаһарман деп біледі.
Әлихан ауылының тұрғындарын биыл су тасқыны біраз әбігерге салды. Жайылған қызыл су 3 жыл бұрын салынған көпірден де асып кеткен еді. Салдарынан шеткері орналасқан екі үйдің тұрғындарына қауіп төнген болатын. Бір отбасындағы 4 бала әкесімен бірге судың ортасында қалды.
«Балалардың анасы мектепте мұғалім болып жұмыс жасайтын еді. Таңертен ол жұмысқа кеткенде су деңгейі төмен болған екен. Санаулы сағаттарда лезде су деңгейі бірнеше метрге көтереліп кетіпті. Маған қоңырау шалып, балалар мен жолдасын судан аман алып шығуды өтінді. Бірден аталған мекен-жайға барсақ, үйдің ішін су алған.Балалар мен әкелері қораның үстінде не істерлерін білмей жүр. Техникада өте алмай тұр. Сол сәтте көмекке ауылдың шабандоз жігіті мен құтқарамын деп белсенділік танытты. Өзім ішімнен 17 жастағы жігіттің өмірі үшін алаңдап тұрсам да, жібердім. Себебі Нұрболаттың әкесінің өзі ол құтқара алатынына сенімді болды», — дейді Көктіңкөл ауылдық округінің әкімі Қуаныш Қоршабеков.
«Бәйгіге шабатын атымды мініп алдым. Себебі ол жүйрік атым мені ешқашан жолда қалдырған емес. Судың биіктігі атымның ертоқымына дейін жетті. Бірінші қораның төбесінде жүрген үш баланы судан алып өттім. Екінші тағы бір баламен әкесін міңгестіріп алып өттім. Екінші барғанда аттың аяғы бір екі рет тайды. Себебі судың асты мұз еді. Бұл бірінші ден менің атымның арқасы. Мен құтқарамын деп өзім шешім қабылдадым. Себебі сол қораның төбесінде жүрген баланың бірі менің досым еді», — дейді Нұрболат Рысмағанбетов.
Нұрболат Рысмағамбетов 5 жасында-ақ ат жалын тартып мінген. Талай аламанда жүлдегер атанған шабандоз. Бәйгеге шабатын адам қандай қиындықты болсын еңсеріп шығады. Аттың құлағында ойнайтын жеткіншек су тасқыны секілді төтенше оқиғалар кезінде аянып қалмайды. Арғымағын арқыратып, сақадай сай тұрады.
«Бәйгіге қатысқан кездері талай төтенше оқиғалар болған. Шауып келе жатқанда аттың аяғы сынып кеткен сәттер де кездескен. Сондықтан мен мұндайға үйренгенмін. Мені ата- анам үнемі қолдан келгенше адамдарға көмектесуге тәрбиелейді. Тағы да осындай оқиға болса, мен ойланбай адамды құтқаратын едім», — дейді Әлихан ауылының тұрғыны Нұрболат Рысмағамбетов.
Нұрболат жүйрік жылқыны таңдап-танып, баптап бәйгеге қосып жүр. Көкпар шабуға да бейім.
Нұрболат көп балалы отбасынан шыққан. Батырды туған батыр ана. Нұргүл 7 перзентті дүниеге әкелген. Отағасы Медет Рысмағамбетов екеуі ата кәсіппен айналысады. Балалары әке жолын жалғастырып келеді.