Төрт ауылда бас дәрігер — өзі әрі ультрадыбыстық зерттеуші маман, әрі жедел жәрдем жүргізушісі. Қарағанды облысында әмбебап ақ халатты абзал жан бар. Салтанат Әлмаған — медицина саласында бесаспап. 24 жылдық еңбек өтілінде оған науқастар тарапынан бірде-бір шағым түспеген.
Салтанат Әлмаған жедел жәрдем көлігін оталдырып, көмекке асықты. 18 шақырым қашықтықта орналасқан Қарашоқы елді мекеніне жылдам жету керек. Мұнда тыл ардагері сырқаттанып қалған екен.
«Бір жағдайлар болған енді. Қарағандыдан науқасты апарып жатқызып едік, содан кейін жүргізушіме соқырішек ұстап, ол да ауруханаға түсті. Содан кейін жедел жәрдем көлігін 200 шақырым жердегі ауылға өзім тізгіндеп бардым. Өйткені ауылда біреу ауырып қалуы мүмкін, шақыртулар түседі. Жалпы, негізі, тұрақты жүргізуші бар», — дейді Бесоба селолық округінің бас дәрігері Салтанат Әлмаған.
Мәку Серікова — ауылдағы ең жасы үлкен қария. Қан қысымы жиі көтерілетіндіктен, үнемі дәрігерлердің бақылауында. Тыл ардагері жедел жеткен медицина қызметкерлеріне дән риза:
«Дәрігерлерге рақмет. Система алдым, дәрігер келді — жасы ұзақ болсын, көп рақмет, жасай берсін», — дейді Мәку Серікова.
Салтанат Әлмаған — Бесоба селолық округінің бас дәрігері. Ол төрт ауылдың тұрғындарының денсаулығына жауапты. Елді мекендер арасындағы ойдым-ойдым жол, қыстағы боран мен көктемгі тасқын оның сапалы қызмет көрсетуіне кедергі бола алмайды.
«Бөлімшелерге барған кезде жолда қалып қойған кезіміз болды. Ол кезде шынымен де жол болған жоқ — боран соқты. Бізге Қызылту бөлімшесінен баланы алып шығу керек болды. Сол кезде жаяу бардық. Кейін ауыл тұрғындары шанамен келіп, көмектесті. Көктемде қыстақтарға барамыз — кейде сазға батып қаламыз. Бірақ жұмыстың жемісін көргенде ерекше қуат аламыз», — дейді Салтанат Әлмаған.
Дархан Исаханов, жедел жәрдем жүргізушісі:
«“Мен дәрігермін, бастықпын” деп қарап отырмайды. Қолына күрек алып, лай да күредік, қар да күредік бірге. Жолдан шаршап келгенде — мысалы, түнде Қарағандыға науқас апарамыз, қайтып келеміз, артынша Қарқаралыға бару керек болады. Сонда Салтанат Амантаевна: “Дархан, тоқта, сәл демал, өзім айдаймын”, — дейді. Сонда сөздің шыны керек, мен де сәл көз іліп аламын».
Амантай Әлмаған, әкесі:
«Жас кезінде менімен бірге рөлге таласатын. Техниканы жақсы көреді — үйге трактор келсе, мініп алып жүріп кетеді. Қорқамын — бүкіл шарбақты шегелеп тастағам. Өзінің құралдары, аппараттары бар — бәрін өзі істейді».
Ол — 24 жыл еңбек өтілі бар білікті дәрігер. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Екі жыл бұрын ультрадыбыстық зерттеуді меңгеріп, қазір жүрек, бауыр, бүйрек секілді мүшелерді толықтай тексере алады. Ауыл тұрғындарының денсаулығын бес саусақтай біледі.
«Салтанаттың тағы бір қасиеті — адамға қарап-ақ, қай жері ауырып тұрғанын бірден байқайды. Содан кейін нақты диагноз қойып, турасын айтады. Оны бесаспап дәрігер деуге болады. Ауыл дәрігері дәл осындай болуы керек деп ойлаймын», — дейді Бесоба ауылының тұрғыны Іңкәр Кәкенова.
Салтанат Амантайқызы — Қарағанды медициналық университетінің түлегі. Еңбек жолын Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында балалар дәрігері болып бастаған. Бір жылдан кейін туған жері Бесоба ауылына оралып, сол жерде бас дәрігер ретінде жұмысын жалғастырып келеді.