Ардагер аты ардақты. Қарағанды облысына қарасты Осакаров ауданының тұрғыны Анна Котова жау жағадан алған сұрапыл соғысқа өз еркімен 19 жасында аттанды. Қазір 100 жасты алқымдаған қария әлі тың. Соғыс жылдарындағы әр сәт есінде.
«Жүріп-тұруым күннен-күнге қиындап барады. Күніне сан түрлі дәрілер алып ішемін. Жасым ұлғайған сайын жоғалған денсаулығымды қайтара алмай жатыр. Жалғыз арманым — 9 Мамырға дейін аман жетіп, Жеңістің 80 жылдығын атап өту», – дейді соғыс ардагері Анна Котова.
Анна Котова Воронеж облысында дүниеге келген. Соғыс басталғанда сыныптастары секілді майданға ерікті түрде баруды қалады. Алайда жас қызды әскерге алмады. Алайда, Анна дегеніне жетіп, 1943 жылы 2-ші Украина майданының 065-ші эвакуациялық ауруханасына медбике болып тағайындалды. Науқастарға күтім жасау, операция барысына көмектесу, дәрі–дәрмектерді тарату мен кезекшілікті атқару сынды міндеттерді атқарды.
«Кіріп келсем, әскери комиссар мені басынан аяғына дейін қарап шықты. Мен: «Неге маған бұлай қарап тұрсыз?» – дедім. Ол: «Қарасам, сен кішкентай ғана қызсың, не үшін келдің?» – деді. Мен болсам: «Қалайша не үшін? Соғыс басталды, майданға барғым келеді», – дедім. Ол маған есікті нұсқап: «Шығып кет», – деді. Екінші рет барғанда да, ол мені қайта қуып шықты. Есіктің жанында тұрып: «Сіз мені екінші рет қудыңыз, үшіншіде сіз мені енді қуып шығара алмайсыз», – дедім. Еліме деген махабатты осылайша іспен көрсеткім келді», – дейді соғыс ардагері Анна Котова.
Анна Никаноровна соғыс аяқталғаннан кейін де жаралы адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесті. Отан алдындағы еңбегі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 60 жыл», «Санитарлық қызметтің үздігі» медальдарымен марапатталды. Ұзақ жылдар Осакаров ауданының денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеді.
«Соғыста әр күн жылға бергісіз ауыр болды. Түнімен ұйықтамай, енді көз іліне бергенде, жаралы жауынгерлер “сестричка, сестричка” деп шақырады. Біреуіне укол салсам, екіншісіне дәрі беремін. Бірі “жазылып кетемін бе?”, – деп сұрайды. Майдангерлерді сабырға шақырып, оларға жылы сөздерімді аямаймын.
Бір күні 25 жастағы танкист жігіттің кеудесіне ота жасалды. Ол отадан кейін сандырақтап, мені шақырып алып: “Анашым келіп еді, часовойлар жібермей тұр”, – деді. Оның көңілін қимай, мен өткізіп беремін деп, анасын алып келген кейіп таныттым. Ол болса балаша қуанып, қолын созып: “Анашым, мен тірімін, жақында үйге келемін”, – деді».
Осы әсерлі естелігін айтқан Анна әжей көз жасына ерік берді.
Бүгінде ардагерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Жыл сайын волонтерлер келіп, көмек береді. Жасы 101 келсе де әлі тың. Өмірінің әр сәті есінде.