Қарағанды облысында ерлі-зайыпты орманшылар 20 жылдан астам уақыт бойы табиғатты күзетіп келеді. Қанат пен Раушан Шаменовтар Тихоновский күзет бекетінде тұрып, жасыл желектің амандығын күн сайын бақылауда ұстайды. Бұл үйде Қанат пен Раушан Шаменовтар жиырма жылдан астам уақыттан бері тұрып келеді.
Ерлі-зайыптылардың басты міндеті — орман аумағын бақылау, өрттің алдын алу және табиғи байлықты заңсыз әрекеттерден қорғау. Шалғайдағы тұрмысқа әбден бейімделген отбасы үй шаруасын да қатар алып жүр. Бірнеше ешкі ұстап, сүтінен май, құрт секілді тағамдар дайындайды. Ал күнделікті жұмысы таң атпай басталады.

«Біз таңертең ерте тұрып, орман соқпақтарын аралап шығамыз. Түтіннің, сөнбеген оттың бар-жоғын тексереміз. Әр адам табиғатқа аз да болса өз үлесін қосса, орманымыз да таза болады деп сенеміз. Ең бастысы — орманды қорғау. Өйткені ол — тіршілігіміздің бастауы. Демалушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын ескертіп, тазалық пен тәртіптің сақталуын қадағалаймыз», — дейді орманшы Раушан Шаменова.
Әсіресе жаз айларында сақтық күшейеді. Құрғақ шөпке түскен бір ұшқынның өзі үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Сондықтан мамандар күн сайын бірнеше бағыт бойынша кезекшілік атқарып, қауіпті жағдайлардың алдын алуға тырысады. Дегенмен орманды қорғау тек өрт қауіпсіздігімен шектелмейді. Жас көшеттерді заңсыз шабудан сақтау, зиянкестермен күресу, орман қорын бақылау да — осы мамандардың міндеті.

«Көпшілік орманшыны тек ағаш қорғаушы деп ойлайды. Бірақ ақиқатында олар орманның барлық экожүйесіне жауапты. Біз тек ағаш егіп қоймаймыз, орманның зиянкестерімен күресеміз, қысты күні аң-құстарға азық тауып беріп, тұз саламыз, әрбір жануар мен өсімдікті қызғыштай қоримыз», — деп өз міндеттерінің ауқымдылығын айтады орманшы Қанат Шаменов.
Қарағанды облысында орман және жануарлар дүниесін қорғау жұмыстарын бес орманшылық атқарады. Олар — Қарағанды, Питомниктік, Пригородное, Молодежное және Белағаш. Мемлекеттік орман қорының аумағы 27 мың гектарды құрайды. Оның 11 мың гектары ағаш өскен алқапқа тиесілі. Осындай ауқымды аумақты қорғауда әр маманның еңбегі маңызды.
«Бұл отбасының тарихы табиғатқа деген шынайы сүйіспеншіліктің қоршаған ортаны сақтауға қаншалықты ықпал ететінін көрсетеді. Орманға қамқорлық жасау — баршамыздың ортақ ісіміз, әрқайсымыздың табиғатты қорғауға қосқан үлесіміз», — дейді орманды қорғау және күзету инженері Тамерлан Елубаев.
Бес орманшылыққа қарасты күзет бекеттерінің барлығында қызметкерлер тұрақты тұрмайды. Ал Шаменовтар үшін бұл мекен әлдеқашан үйреншікті қонысқа айналған. Олар таңды орман арасындағы тыныштықта қарсы алып, күнін табиғаттың амандығын бақылаумен өткізеді. Көзге бірден байқала бермейтін осы жұмыс талай қатердің бетін қайтаруға сеп. Табиғаттың тыныштығын сақтайтын мамандардың еңбегі де осында.




