Қарағанды қаласында тегін такси қызметі іске қосылды. Бұл Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының бастамасы. Шара қала тұрғындары мен қонақтарын қазақ тілін белсенді қолдануға ынталандырмақ.
Қарағанды қаласында «Қазақша Куиз Таксиде» эксклюзивті жобасы басталды. Такси көлігі микрофон, видеокамера және планшетпен жабдықталған. Оның бағыты Қазыбек би атындағы және Әлихан Бөкейхан аудандарын қамтиды. Ұйымдастырушылар ақысыз қызмет арқылы қоғамдық коммуникацияда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді көздеп отыр.
«Біз осы Такси Куиз жобасын қолға алып жатырмыз. Қазақша Такси Куиз. Бұл жоба негізі біздің қаламызда тұратын өзге ұлт өкілдеріне арналған. Бұл жерде олар ішкі психологиялық кедергіні, дейміз бе, жойып, ұялмай білетін қазақшасын одан әрі дамытуға көмектесу үшін», — дейді «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Әсия Смықова.
Әр сапар бағыт алумен шектелмейді. Мазмұнды бағдарламаға ие. Жүргізуші жанындағы жүргізуші-модератор жолаушымен қазақша әңгімелесіп, сұрақтар қояды. Оған қоса қазақша караокесі де бар. Тіпті көлік ішінде көтеріңкі көңіл-күймен ән де салуға болады. Талаптарды түгел орындаған жолаушыға кәдесыйлар мен тәтті сыйлықтар тарту етіледі. Ерекшелігі — жол ақысы тегін.
«Бізде сұрақтың төңірегі: атыңыз кім? Қай этнос өкілі боласыз? Жанұяңыз бар ма? Қай қалада тұрасыз? Мамандығыңыз қандай? Сонымен қоса осындай тілдерді оқыту орталықтарын білесіз бе, білмейсіз бе? Осындай төңіректе және Наурыз келе жатқан соң Наурыз туралы», — дейді жүргізуші-модератор Болат Төлеубаев.
Тыңнан түрен түрген жоба — мемлекет есебінен қаржыландырылады. Игілікті идеяны іске асыру үшін жергілікті қазынадан 2 миллион теңгеге жуық ақша қарастырылыпты. Тегін такси әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері күндізгі уақытта қызмет көрсетеді.
«Шырақ» тілдерді оқыту орталығы қазақ, ағылшын, түрік тілдерін жыл он екі ай бойы тегін үйретеді. Былтыр автобус жолаушыларына онлайн форматта қазақ тілін үйрететін «Жолда тіл үйрен» жобасын жүзеге асырды. Биыл такси қызметін іске қосты. Келер жылы мейрамхана қызметіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосуды жоспарлап отыр.