Понедельник, 24 марта, 2025
ДомойАвторские колонкиЛюдиБір сыныптың барлық оқушысы қалай домбырашылар ансамбліне айналып, сахнаны бағындыруда

Бір сыныптың барлық оқушысы қалай домбырашылар ансамбліне айналып, сахнаны бағындыруда

Ұлтқа қызмет ұлттық өнерді сүюден басталады. Қарағанды кадет мектебінде бір сыныптың барлық оқушысы домбыраның құлағында ойнайды. Жас сарбаздар патриоттық сезімдерін ұлттық аспаптың үнімен жеткізіп жүр. Олар күй шертіп, ән шырқаумен шектелмейді. Музыкалық туындылардың тарихымен де танысады.

Класс домбры

4-сынып оқушылары үшін домбыраны шерте білу – міндет. Сыныпқа жаңадан бала келсе де, тәртіп ортақ. Бұл – мектептің қойған талабы емес, ата-аналардың қалауы. Қазір сол бастаманың нәтижесі жемісті.

Гүлім-Искакова

«Баланың көзқарасы өзгерді. Менің немерем бұрын биге әуес болса, қазір домбыраға қызығушылығы артып келеді. Ата-аналар өте қатты қуанды. 2-сыныпта алғаш домбыраны қолға алғанда, саусақтары жетпей жататын кездері болды. Домбыраны бір тастап, бір бастаған оқушылар да кездесті. Бірақ қазақы қанымыз осы нәтижеге алып келді», – дейді ата-ана Гүлім Искакова.

4 жыл бұрын кадет мектебінің 1-сыныбына 22 бала қабылданды. Сол кезде-ақ олар үшін «Домбыра дастан» үйірмесі ашылды. Бүгінде балалар тек музыкалық сауат ашып қана қоймай, үлкен ансамбльге айналды.

Ермек Әбдінәби

«Өзімді домбыра ұстағанда өте жақсы сезінемін. Ұлттық аспапта ойнағанда саусақтарым өздігінен қозғалып жатқандай болады. Маған домбыраның музыкасы, дауысы қатты ұнайды. Үйге қонақтар келгенде күй тартып беруімді сұрайды. Мен орындаймын, ал қонақтар ақша береді. Осылай алғашқы шағын табысымды таптым», – дейді 4-сынып оқушысы Ермек Әбдінәби.

Таңертең сабақ алдында 10 минут бұрын сыныпта домбыра күмбірлейді. Оқушылар хормен патриоттық ән шырқайды. Бұл – бір есептен ұйқы ашар, екінші жағынан – сергіту. Осылайша олар сабаққа тың күшпен кіріседі.

руководитель 4 го-класса Дина Касымова

«Сабақпен қатар домбыра үйірмесін алып жүру – оңай емес. Бастауыш сыныптан бастап балалардың домбыраны үйренуі – үлкен еңбек. Оқушылардың қабілеті әртүрлі. Біреуі тез меңгереді, біреуі ұзақ жаттығады. Жылаған күндері де болды. Бірақ соған қарамастан, біз сыныптағы барлық оқушыны қамтыдық. Балалардың бойында ұлттық құндылықтарға, отанына, ұлттық аспапқа деген сүйіспеншілікті сіңіріп келеміз», – дейді 4-сынып жетекшісі Дина Касымова.

Мына қаз-қатар тізілген домбыралардың әрқайсысында баланың аты-жөні жазылған. Ұлттық аспаптарды мектеп ұжымы қамтамасыз еткен. Аптасына екі мәрте өтетін үйірмеге оқушылар үзбей қатысады.

Гульшат Баграмова

«Әр қазақ баласы домбыраны қолына ұстауы керек деген миссияны орындап жатырмыз. Біздің мақсатымыз – қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетін балалар бойына ерте жастан сіңіру. Қазақ күйлерін үйретуді осылай біртіндеп қолға алдық. Бұл жоба болашақта өз жалғасын табады. Музыкалық жетекшіміз тәжірибелі маман болғандықтан, балаларға нота үйрету жұмысын да қолға алды», – дейді Нұркен Әбдіров атындағы ЖББМ директоры Гүлшат Баграмова.

Ансамбль мектептегі мерекелік шараларға қатысады. Сондай-ақ, қалалық және облыстық деңгейде өтетін концерттерде қазақ күйін насихаттап жүр.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Журналист Гүлбақша Беркін өз жұмысының майталманы деп айтуға тұрарлық маман иесі. Түсірілімде жұмыстың іге-шігесін жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын журналист. Ортамен тез тіл табысып кетеді. Жұмысын жүйелі әрі жауапкергілікпен атқарады. Гүлбақша ханыммен танысқанымыз үшін қуаныштымыз. Жұмысына шығармашылық табыс тілейміз!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное