Қарағанды облысында 30 жылға жуық жол ережесін бұзбаған мінсіз жүргізуші бар. Бұл – 61 жастағы Светлана Швачкина. Тәртіп пен ұқыптылықты өмір салтына айналдырған ол бүгінде тек өзі ғана емес, болашақ жүргізушілерді де тәрбиелеп келеді.
Светлана Швачкина 30 жылдан бері көлік тізгіндеп жүр. Осы уақыт аралығында ол алты көлік ауыстырған. Бірақ ең алғашқы «Москвич» көлігін ерекше еске алады. Содан бері рөлге отырған әр күні ол қауіпсіздікті бірінші орынға қояды.

«Біздің кезімізде көлік алу өте қиын еді. Қазір ғой қалаған уақытыңда сатып аласың. Біз ұзақ уақыт тірнектеп ақша жинайтынбыз. Алғашқы көлігім “Москвич” болатын. Кейін “Жигули”, “Ауди” сынды неше түрлі көліктер болды. Содан бері міне, 27 жыл бойы көлік тізгініндемін», – дейді Светлана Швачкина.

Жыл басынан бері Қарағанды облысында 825 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апаттардан 133 адам қаза тауып, мыңнан астамы жарақат алды. Бұл сандар жолдағы әр секундтың қаншалықты құнды екенін көрсетеді.
Кейіпкеріміз Светлана өзі ереже сақтап қана қоймай, тәртіпті жүргізушілерді тәрбиелеумен де айналысады. Ол 25 жылдан бері көлік жүргізуді меңгергісі келетін жастарға сабақ беріп келеді. Светлананың негізгі мамандығы – математика пәнінің мұғалімі. Алғаш жас маман болып келгенінде мектеп басшылығы оған осы үйірмені жүргізуді ұсынған.

Светлана Швачкина жылына 70-тен астам оқушыны қабылдайды. Кейбірінің ата-аналары да кезінде осы үйірмеде оқыған. Арайлым Көпбаева биыл оқуды бітіреді. Төрт жыл ішінде ол жол ережелерінің барлығын меңгеріп алған. Мектепті тәмамдаған соң жүргізуші куәлігіне құжат тапсырмақ.

«Мен 4-сыныптан бері осында оқимын. Өзіме бұл үйірме өте қатты ұнайды. Светлана мұғалім бәрін қызықты етіп, ойын арқылы түсіндіреді. Бұл белгілердің барлығын жарыстарда жинадым. Біз республикалық және облыстық байқауларға қатысамыз. 2018 жылы Ресейдің Анапа қаласынан бас жүлдемен оралғанбыз», – дейді 8-сынып оқушысы Арайлым Көпбаева.
Светлана Швачкина – екі баланың анасы, бес немеренің әжесі. Көлік жүргізуді белсенді түрде қолға алуына да немерелеріне деген қамқорлығы себеп болған. Оларды балабақшаға, мектепке және түрлі үйірмелерге уақытылы жеткізу үшін ол үнемі көлік тізгіндейді.

«Көлік алу мен үшін қажеттілік болды. Маған бір күннің ішінде қаланың бір шетінен екінші шетіне тез жету керек еді. Кішкентай немерелерімді үйірмеге, балабақшаға апарып, ортасында өзім де мектепке үлгеруім керек болатын. Кей күндері 100 шақырымға дейін жол жүрген кездерім болды», – дейді Светлана Швачкина.
Биыл Қарағанды облыстық полиция департаменті Светлана Швачкинаға «Үлгілі жүргізуші» ретінде алғыс хат табыс етті. Оның айтуынша, жолда ең бастысы – сақтық пен өзара сыйластық. Светлана көлік тізгіндей бастаған жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырады.
