Воскресенье, 30 августа, 2026

Жер астындағы 200 жылға жуық еңбек: Жұмағұловтар шахтёрлер әулеті

шахтёрская династия Жумагаловых

Қарағандыда «Қазақстан» шахтасында бірнеше ұрпақтан бері кен өндірісіне адалдық танытып келе жатқан Жұмағұловтар әулеті еңбек етеді. Бұл әулеттің кен өндірісіндегі жалпы еңбек өтілі 200 жылға жуықтайды. Аға буын қалыптастырған дәстүрді бүгінде балалары мен немерелері жалғастырып жүр.

Үңгуші мамандығын таңдаған Еркебұлан Жұмағұлов шахтада 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, жер астындағы жұмыста тәжірибе мен біліктілікпен қатар, әр қадамға жауапкершілікпен қарау аса маңызды. Сондықтан өз тәжірибесін кейінгі әріптестеріне жеткізуді өзінің міндеті санайды.

«Енді осы шахтаға келетін жастарға айтарым – ең бірінші қауіпсіздік сақталсын. Жердің астында жүргенде шахтёрлер бір-бірімізді қолдап жүруіміз керек», – дейді үңгуші Еркебұлан Жұмағұлов.

Әулет жолын жалғаған оның ағасы Ерлан Жұмағұлов та шахтада 14 жыл еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде бірнеше мамандықты меңгеріп, бүгінде тау-кен қазу машиналарының машинисі болып жұмыс істейді. Бұл – кәсіби біліктілікті, терең білім мен үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған ол еңбек пен отбасы жауапкершілігін қатар алып келеді.

«Бірінші жұмысқа түскен кезде ТБ сақтаймыз. Жұмыс басында бізде 5 минуттық ТБ болады. Сосын өзіміздің материалымызды дайындаймыз. Менің қызметім – көмір шабу. Шауып болғаннан кейін бір адам қадағалайды, үш адам жұмыс істейді. Бір-бірімізді қадағалап, жұмыстан кейін аман-есен шығу – басты міндетіміз», – дейді тау-кен қазу машиналарының машинисі Ерлан Жұмағұлов.

Ал әулеттің жас өкілі Диас Еркебұланұлы – жерасты электр слесарі. Шахтинск технологиялық колледжін тәмамдаған соң, ата кәсіпті жалғастырып, шахтаға жұмысқа орналасқан. Қазір еңбек өтілі екі жылға жуық. Соған қарамастан, жас маман өндірістегі технологиялық өзгерістерді көріп, кәсіби дамуға ұмтылып келеді.

«Мен екінің бірі барғаны үшін келген жоқпын. Өзім қайда келгенімді білдім, ауыр болатынын, қиын болатынын түсіндім. Өйткені шахта әркімнің қолынан келе бермейді. Шахтада ең керегі – мінез, еңбекқорлық, сосын жұмыста үлкендерді тыңдау», – дейді жерасты электр слесарі Диас Еркебұланұлы.

Жұмағұловтар әулетінің шахтадағы еңбек жолы Балқаш Жұмағұловтан басталған. Ол «Тентек» шахтасында 40 жыл еңбек етсе, туған інісі Нәби Жұмағұлов осы кәсіпорында 30 жылын өткізген. Аға буын қалыптастырған дәстүр кейінгі ұрпаққа да жалғасты. Ұлдары Асхат Балқашұлы мен Марат Балқашұлы да Ленин атындағы және «Шахтинск» шахталарында еңбек етеді. Осылайша, бір әулеттің кен өндірісіндегі жиынтық еңбек өтілі 200 жылға жуықтап отыр.

Как вам материал?
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Комментарии

Пока нет комментариев — будьте первым.

Оставить комментарий