Среда, 26 марта, 2025
ДомойАвторские колонкиЛюдиЖер астындағы 150 жыл: Ермоловтар әулетінің тарихы

Жер астындағы 150 жыл: Ермоловтар әулетінің тарихы

Қарағандыда 1 жарым ғасыр ғұмырын жер астында өткізіп келе жатқан кеншілер әулеті бар. Қара алтынның қадірін білген Ермоловтардың қазір 3-інші буыны шахтер. «Тентек» шахтасында қазір бір отбасының 3 мүшесі қызмет етеді.

Отағасы Игорь Тимофейұлының еңбек өтілі 35 жыл. 18 жасынан осы күнге дейін басынан каска, қолынан қайласы түспей келеді. «Тентек» шахтасында оның әкесі мен үлкен ағасы жұмыс істеген. Кенші әріптестерінің оны қалай қарсы алғанын күлімсіреп еске алады.

Игорь Тимофеевич Ермолов

«Өз басым кеншілер әулетінен екенімді әркез мақтан тұтатынмын. Мен «Тентек» шахтасына келгенде, бәрі: “О, Игорь Ермолов! Тимофей Ивановичтің ұлы!” — дейтін. Мен маңғазданып, мақтанышпен: “Иә, солай”, — деп жауап бердім. Аға буыннан кеніштегі барлық ыстық-суық жұмысты үйрендім. Содан бері, міне, өзімнің ұлым да осында қазір. Отбасымыздың ортақ әңгімесі — шахтадағы жұмыс. Себебі біздің отбасының ортақ тақырыбы — шахта», — дейді кенші Игорь Ермолов.

Ғұмырын осы салаға арнаған жан өмірлік жарын да кеніште кезіктірген. Ольга Викторовна «Тентек» шахтасында 26 жылдан бері қызметте. Ол жеке портативті газ анализаторларының жағдайын бақылайды. Жер астындағы барлық кеншілердің өміріне жауапты.

Ермолова

«Мен газ анализаторының дұрыстығын тексеремін, ол газды уақытында анықтай алғандықтан маңызды құрал болып есептеледі. Тасымалданатын аспаптардың көмегімен кеншілер ауадағы газдардың құрамын үздіксіз бақылайды. Осы арқылы кеншілерге қауіп төнген жағдайда тезірек ескерте аламыз. Яғни адам өміріне жауаптымыз деуге болады. Шахтада бастысы — адам өмірі. Техникалық қауіпсіздікті сақтау — әр кеншінің міндеті. Бұл шахтаға айтар алғысым шексіз. Себебі нан жегізген жұмыс орным, махаббатымды таптым. Қазір бақытты өмір кешіп жатырмыз. Шахта — бұл менің екінші отбасым», — дейді И. Ермоловтың жұбайы Ольга Ермолова.

Ермоловтардың үлкен ұлы Дмитрий «Тентек» шахтасындағы көмір өндіру учаскесінің жұмысшысы. Ол қара алтынды қазып шығаратындардың бірі. Айтуынша, жақындары жанында болса жұмыстың ауырлығы білінбейді.

Дмитрий Ермолов

«Біз қарапайым жұмысшы отбасымыз. Мұнда әркім өндіріске өз үлесін қосады. Атам шахтада жұмыс істеді, әкем мен анам шахтада жұмыс істейді. Енді, міне, мен де осы жолды жалғастырып келемін. Інім маркшейдер ретінде білім алып жатыр. Ол өзінің болашағын көмір өндірумен байланыстырғысы келеді. Біз әрқашан және барлық жерде бір-бірімізді қолдаймыз», — дейді И. Ермоловтың ұлы Дмитрий Ермолов.

Қазір Ольга мен Игорьдің екінші ұлы да осы сала жолында білім алуда. Ермоловтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 150 жыл. Олар жұмыс істейтін «Тентек» шахтасында теміржол вагондарына сағатына 556 тоннаға дейін көмір тиеледі. Әр қара алтында қара тердің тамшысы бар.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное