Четверг, 26 ноября, 2026

Тоқсан жасында ат үстінде: қарағандылық Егінтай Күзембаев мал бағып жүр

Тоқсан жасында ат үстінде: қарағандылық Егінтай Күзембаев мал бағып жүр

Қарағанды облысында тоқсанның төріне шықса да, аттан түспей, әлі күнге мал бағып жүрген ақсақал бар. 90 жастағы Егінтай Күзембаев қойын түгендеп, жылқысын баптап жүр. Егінтай Күзембаев атын ерттеп, қолына таяғын алып, өріске беттеді. Көзін ашқалы көргені – төрт түлік, көңілі қалағаны – кең дала. Қария үшін мал бағу – ата кәсіп, өмірлік дағды. Тоқсанның төріне шықса да, еңбектің бел ортасында жүр.

Материалға фото

«Осы уақытқа дейін ауырмағаныма ат үстінде көп жүргенімнің пайдасы тиді деп ойлаймын. Бәлкім, бүкіл ауылда менен көп атқа мінген адам жоқ шығар. Далада мал баққанда түрлі шөптің жұпар иісін сезініп, таза ауамен тыныстайсың. Мұның денсаулыққа пайдасы зор», – дейді Кеншоқы ауылының тұрғыны Егінтай Күзембаев.

Дала төсін әнге бөлеген ақсақалдың қимылы ширақ, көңілі сергек. Бақташы малдың жайын білумен қатар, табиғаттың тілін де ұғады. Желдің бағытын, күннің райын бағамдап, шөбі шүйгін, суы мол өрісті таңдайды.

Материалға фото

«Жайылымға таң бозынан, күн шықпай тұрып аттанамын. Мал өздігінен жайылып, кейде ұзап кетеді. Күніне онымен бірге 10–15 шақырымға дейін жүремін. Далада тоңбаймыз, аяз бен боран да бізге бөгет емес. Дегенмен, малға күтім керек. Ат үстінде отырып, сырттай бақылаумен шектелуге болмайды. Төрт түліктің жай-күйіне жіті назар аудару қажет», – дейді Егінтай Күзембаев.

Жанат ЕГІНТАЙҰЛЫ – Егінтай Күзембаевтың ұлы

Материалға фото

«Әкеміз әлі күнге дейін шаруашылықпен айналысып, мал бағады, дала төсінде еңбек етеді. Үнемі сыртқа шығып, малдың жайын білгісі, атқа мінгісі келіп тұрады. Біз оған енді демалыңыз десек те, айтқанымызға құлақ аса бермейді».

Егінтай Күзембаев жасынан жылқы жалына жармасып өсті. Совхоздың етті бағыттағы малын баққан. Төрт түліктің қоңын сақтау үшін әр он бес күн сайын жайылымын ауыстырып отыратын.

Материалға фото

«Салмағы 70–80 келі тартатын қойларды өсіріп, жоғары санатпен тапсыратынмын. Одан жақсы табыс түсетін. 450–460 келіге дейін жететін піштірілген қошқарлар да өсірдім. Олардың да сапасы жоғары бағаланды. Еңбегім ескерусіз қалған жоқ, бірнеше мәрте мақтау қағазымен марапатталдым. Тіпті, Еңбек ардагері деген төрт бірдей куәлігім бар. Малдың қоңы жақсы болса, қыстың қақаған аязынан да қорықпайды», – дейді ақсақал.

Егітай ата мен Кенжетай әженің шаңырақ көтергеніне биыл 63 жыл. Бір қызығы, қос қария бір күнде дүниеге келіпті. Екеуі де еңбекпен есейіп, бейнеттің бел ортасында жүрді. Өмірдің талай белесін бірге еңсерді. 10 балаға әлемнің жарығын сыйлады. Қазір 43 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.

Материалға фото

«Ол кезде өмірдің өз қызығы бар еді. Жайлауды атпен аралап, бір-бірінің үйіне қонаққа баратын. Әркім өз атына мінетін. Сол заманның тіршілігі ерекше еді. Қазір бұл дәстүрді балаларымыз бен немерелеріміз жалғастырып келеді», – дейді Егінтай Күзембаевтың қызы Жазира Егінтайқызы.

Материалға фото

Қария осы жасқа дейін сырқаттанып көрмепті. Оның сыры – үнемі қозғалыста болып, еңбектен қол үзбегенінде деп біледі. Әлі күнге дейін жеке шаруашылығының жұмысын дөңгелетіп, өзі басқарып отыр.

Материалға фото

Как вам материал?

Пока нет комментариев — будьте первым.

Оставить комментарий