Көзі көрмесе де, көкірегі ояу. Қарағандылық Владимир Высочинский облыстағы жалғыз тифлопедагог. Ол зағип жандардың қоғамға бейімделуіне өз септігін тигізіп, білім нәрімен сусындатып жүр. Оқытушы болуына көзінің көрмеуі кедергі емес.
Владимир Высочинскийдің кітапханада жұмыс істеп жүргеніне 9 жыл. Аптасына 6 күн, таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін тынбай білім береді. Бір өзі Брайль шрифтінен бастап компьютерді қолдануды, смартфонда жұмыс істеуді тіпті таяқшамен жүруге дейін үйретеді. Соған қарамастан бұл жұмыстан еш шаршамайтынын, керісінше лаззат алатынын айтады. Жұмыс пен отбасына тең көңіл бөле білген ұстаз 4 баланың әкесі.
«Білесіздер мен үшін ең керемет пікір бұл адамдардың: Бұл менің қолымнан келді дегенін есту. Болды, мен үшін басқа ештеңе керек емес. Ең бастысы мен үйреткен дүниелерді оқушыларым істей алса болғаны. Мен үшін бұл әлемдегі ең керемет ең жағымды сезім», — дейді тефропедагог-оңалтушы Владимир Высочинский.
Зайра Карбекованың тифлоорталыққа келіп жүргеніне 4 жыл. Осы мекеменің тұрақты оқырманы. Бірнеше жыл бұрын аяқ астынан ота үстелінде көз жанарынан айырылған. Дегенмен Владимирден үйренген дүниелерімнің арқасында өзін ешкімнен кем сезінбейді екен.
«Мұғалім өте жақсы адам, өзіміздің бауырымыздай болып кеткен былай айтқанда. Ешқандай ұрысу дегенді, қатал ұстау дегенді білмейді. Білмеген нәрсемізді асықпай түсіндіреді. Енді біздің жасымыз да келіп қалды. Біреу кішкене ауыр сөйлеп қалса көтере алмай қаласың ғой. Ондай емес өте жақсы, былай айтқанда екінші үйім осы кітапхана. Аптасына үш рет келіп отырамын», — дейді оқырман Зайра Карбекова
Облыстағы жылғыз тифлоорталықта оқушылар Шахтинск, Теміртау, Абай қалаларынан арнайы қатынап оқиды. Көзі нашар көретін жандарға арналған 4 оқу курсы бар. Бір үйірмені толықтай игеру үшін 3-6 ай уақыт кетеді. Яғни келушілер үзілмейді деуге де болады.
«Ол кісі өте білікті білімді маман. Ол кісінің тұрақты оқырмандары өте көп.Ол кісі өз мамандығын сүйгеннен кейін әр оқырманға жеке-жеке телефондық құрылғыны қалай пайдалану керек, компьютерді қалай пайдалану керек яғни көзі мүлде көрмейтін жандар үшін. Ол кісі сондай жандармен жұмыс істейді. Көптеген нәрсені үйретті шәкірттері өте көп», — дейді абонементтік сектор бөлімінің басшысы Мақпал Түсіпбаева
Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың ашылғанына биыл 55 жыл. Мұнда жылына 7000ға жуық оқырман келіп білім алады. Орталық арнайы брайль дисплейлері, оқу машинасы және тифлоплеерлермен жабдықталған. Ұжым болашақта жаңа технологиялар санын көбейтуді жоспарлап отыр.