Қарағанды облысында 72 жастағы зейнеткер қар күреп, тазалау — таңғы жаттығу деп есептейді. Зәбен Нығманова үшін бұл — күн бойы сергек жүрудің кепілі. Екінші жағынан, алдағы су тасқынының алдын алуға көмек.
Көктем келіп, жердің тоңы жібіді десек те, Қарағанды облысының Нұраталды ауылы әлі ақ көрпеге оранған. Зәбен апаға Арқаның қысы ұзаққа созылатыны — қуаныш. Ол күнін ауласын тазалаудан бастайды. Бұл — зейнеткер үшін таңғы жаттығу.
«Жастар неше түрлі витамин сатып алып, қыруар ақшаға шығындалады. Мен айтамын: таңертең барып, есік алдын сыпырсаң, соның өзі қаншама энергия, қуат береді. Қытайдың медицинасы деп айтып жатыр ғой қазір. Саусақ бәрін уқалау керек, міне, қар тазалау — осындай уқалау», — дейді ардагер ұстаз Зәбен Нығманова.
72 жастағы қарияның қимыл-қозғалысы ширақ. Қыстың қара суығында мұзды ойып, қар күрейді. Табиғатынан нәзіктігі оған кедергі емес. Бұл — жасынан қалыптасқан дағдысы.
«Мұндай жұмыстан шаршамаймын. Бұл — қалыптасқан, үйреншікті күнделікті жұмысым. Қар жауғанға қуанамын. Баяғыда Ақбауырда тұрдық қой. Ақбауырда қар — мынандай үйлер ғой енді, шатыры жоқ. Төбесімен жүріп кететін. Қора — бәрі жабылып қалады. Сонда әкей, бәріміз сол қар күреуге шығамыз. Содан қалып қойған ғой», — дейді ардагер ұстаз Зәбен Нығманова.
Зәбен Нығманова — «Таза Қазақстан» акциясының ең қарт қатысушыларының бірі. Зейнеткер қара жұмыстан қашпайды, әрі айналасын осы қағидаға үйретеді. Демалыс күндері келіндері мен немерелерін қар тазалауға жұмылдырады.
«Көрші маңай айтып жатады: «Зәбен Кәрігүлқызы 70-тен асты, есік алдында қар күреп жатыр. Неге шықпайсыздар, неге күремейсіздер?» — деп. Сонда мен мамама айтам ғой: «Мама, кісілер осылай-осылай айтып жатыр», — деп. Құлыным, мен үйде отыра берсем, ертең ауру-сырқаттың бәрін жинап аламын. Мен осындай физикалық қимылмен жұмыс жасасам, бұл кісі өзі әсер алады, ләззат алады осындай жұмыстан», — дейді келіні Айдана Ақшолақова.
Кейіпкеріміз қажет десеңіз, жазда шағын цехында кірпіш құяды. Осылай отбасылық кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Ауласындағы қойманың қабырғасын өзі тегістеп, сылап, әктеп шыққан. Әр құрылыс қалдығын кәдеге жаратуға тырысады.
«Біз еңбекпен өстік қой өмір бойы. Сол қалыптасқан әдет пе, еңбексіз отыра алмаймыз, өзімізге жұмыс тауып аламыз», — дейді ардагер ұстаз Зәбен Нығманова.
Зәбен Кәрігүлқызы 40 жылдан астам уақыт табан аудармай Нұраталды орта мектебінде физика пәнінен сабақ берді. Аудан көлемінде алғашқы болып физика мұғалімдеріне арналған семинар өткізген педагогтардың бірі. Еңбегі еленіп, Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанған.
Ол — ұстаздар отбасынан шыққан. Өзімен туған 6 ағайыны түгел ұлы мамандықты таңдаған. Әулеттің ұстаздық еңбек өтілі 400 жылдан асады.
«Бізге ең қиыны — жоспар жазу. Жаңағы көрнекілік, демонстрацияларды дайындау. Сонда түн ортасы, сағат 2–3-ке дейін отырып жазатынбыз. Бүгінгі өтетін сабақтың барлық сыныптағы жоспары болмаса, бара алмайтынбыз. Мұғалім — енді ерекше мамандық қой. Ол жалғыз өзінің отбасына, өзіне ғана жауап бермейді. Бүкіл халыққа, елдің алдында сында жүрген тұлға», — дейді ардагер ұстаз Зәбен Нығманова.
Зәбен әже таңертең қолына күрек алса, кешке — қалам тербейді. Қазір әкесі жайлы кітап жазу үстінде. Ардагер ұстаз — осымен сегізінші кітабын жарыққа шығармақшы.