Воскресенье, 26 апреля, 2026
ДомойАвторские колонкиЛюдиШағын ауыл, үлкен іс: Ботақарада кәсіпкер тегін нан таратып жүр

Шағын ауыл, үлкен іс: Ботақарада кәсіпкер тегін нан таратып жүр

Тегін нан — теңдессіз сый. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінде кәсіпкер әр жұма сайын ас атасын тегін таратады. Жақсылық жасауға асық жанмен әріптесім тілдесіп қайтты.

Бесплатный хлеб

Әр жұма күні таңертең дүкенге жеткізілген ыстық нан осылай сөрелерге қойылады. Келушілер кезекке тұрып, тегін алады. Зейнеткер Асқар Айтбеков бұл дүкенге жұма сайын келеді. Ас атасын ақысыз алатын ол үнемі кәсіпкерге алғыс айтып, ақ батасын береді.

«Осы ауданда көрші тұрамыз. Өзі өте қарапайым. Ауылда бұл кісіні бәрі сыйлайды. Өте жақсы адам», — дейді ауыл тұрғыны Асқар Айтбеков.

Мираш Садвакасова

Мираш Садвакасова, ауыл тұрғыны:

Бұл магазин — халал магазин. Ішімдік, темекі сатылмайды. Айнұр ханым елді ақжарқын қарсы алып, клиенттерді өзінің жарқын мінезімен, сабырлығымен қабылдайды. Бұл магазин басқа магазиндерге үлгі болсын деймін.

Айналасындағыларға жәрдемдесіп, қол ұшын созу — Айнұр Аманжолованың өмірлік ұстанымы. Ол жолдасымен бірге бұл кәсіпті он жыл бұрын бастаған. Түскен табыстың бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттау — отбасының ортақ шешімі.

Айнур Аманжолова

«Әртүрлі отбасы бар. Кейбір отбасыларда 4–5 бала-шаға бар. Күйеуі жұмыс істемей, өзі санитарка болып жұмыс істейді. Алатын айлығы — 80 мың. Ондай отбасыларға 7–8 нанға дейін тегін береміз. Ал жалғыз тұратын ата-апалар 2 нан ғана алады. Әркім өз жағдайына қарай қанша нан алатынын өзі шешеді, керегін береміз», — дейді кәсіпкер Айнұр Аманжолова.

Кейіпкеріміз — бес баланың анасы. Оның игі ісі перзенттеріне үлгі. Олар да жомарттық пен адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп өсуде.

Грамота предпринимателю

«Айтады ғой, бір қолыңмен берсең, екінші қолыңмен аласың. Мұқтаж адамдарға тым болмаса кішкентай көмегіміз тисін деп осындай жұмыс жүргізіп отырмыз. Халықтың жағдайы жақсы болса екен. Біз қолдан келгенше көмек беруге дайынбыз. Бізде тек дүкен емес, осында жеке моншамыз да бар. Моншаға да мүгедектерге, үлкен кісілерге және жағдайы жоқ адамдарға өз жеңілдігімізді жасаймыз», — дейді кәсіпкер Айнұр Аманжолова.

Айнұр Аманжолова өзге азық-түлік тауарларын да мұқтаж жандарға тегін ұсынуды жоспарлап отыр. Жергілікті қоғамдық ұйымдармен бірігіп, әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа жолдарын іздеуде. Кәсіпкер сауапты істі жалғастыра беретінін айтады.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное