Қарағанды облысында егіз ағайынды өрт сөндірушілер қызмет етеді. Жандос пен Айдос Рымхан бірнеше жылдан бері Теміртау қаласындағы № 30 өрт сөндіру бөлімінде қатар еңбек етіп келеді. Бос уақыттарын спортқа және өнерге арнайтын ағайындыларды көпшілік бала күнінен «Қос қыран» деп атайды.
Жандос пен Айдос Рымхан Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында дүниеге келген. Отбасында құтқарушы болмаған. Анасы — ұстаз, әкесі ауыл шаруашылығымен айналысады. Соған қарамастан, егіз ағайынды бала кезден құтқарушы болуды армандап, сол мақсатқа бірге қадам басқан.
«Біздің отбасымызда анамыз мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, әкеміз ауыл шаруашылығымен айналысады. Біз бірге оқығаннан кейін, бірге өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасайық деген шешімге келдік. Содан біргеміз. Бір бөлімде, бір қарауылда жұмыс істейміз», — дейді Теміртау қаласы № 30 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Жандос Рымхан.
Егіздерді алғаш көргендер жиі шатастырады. Ал әріптестері оларды дауысынан, мінезінен және іс-әрекетінен бірден ажыратады. Төрт жыл ішінде ағайындылар ондаған өртке шығып, талай құтқару жұмысына қатысты. Әрбір шақырту олар үшін үлкен жауапкершілік.
Адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау — Конституцияда айқындалған басты қағидалардың бірі. Осы міндетті жүзеге асырып жүрген өрт сөндірушілер күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқарады.
«Құтқарушылар қызметінің негізінде ең басты құндылық — азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Бұл қағидаттар Қазақстан Республикасының Конституциясында айқын бекітілген. Онда адам, оның өмірі мен құқықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп танылған», — дейді Теміртау қаласы № 30 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Жандос Рымхан.
Айдос — екі ұл тәрбиелеп отырған жас әке. Бос уақытында спортпен айналысып, футбол ойнайды. Егер болашақта балалары осы жолды таңдаса, олардың шешіміне қолдау көрсетуге дайын екенін айтады.
«Өзің осы мамандықта жұмыс істегеннен кейін, келешекте баламыз, ұрпағымыз артымыздан қуып, бізге ұқсағысы келіп, осы мамандыққа келсе, қуанамыз, қарсы емеспін», — дейді Теміртау қаласы № 30 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Айдос Рымхан.
Жандос шығармашылыққа жақын. Мектепте бес жыл бойы домбыра сыныбында оқып, үздік аяқтаған. Қазір де қолы бос кезде күй тартып, халық әндерін орындайды. Ал Айдос ағасына қосылып ән шырқайды. Ауылдастары оларды бала күнінен «Қос қыран» деп атап кеткен.





