Қарағанды облысында ең көп егіздер оқитын мектеп бар. М. Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназияда 12 егіз жұп, бір үшем білім алады.
Мысалы, Бекбарыс, Бекарыс, Анел, Адел бір сыныпта оқиды. Сыныптастары әлі толық ажырата алмайды. Мұғалімі 1-сыныпқа қос егіз жұпты қабылдағанда абдырап қалғанын жасырмайды. Алғашқыда отырғызған орнын белгілеп анықтаған. Қазір мінездеріне қарап ажыратады екен.
«Басында балалардың өздерінен сұрай беретінмін: қайсың Бекбарыс, қайсың Бекарыссыңдар деп. Тіпті фотоларын шатыстырғанда кейде ата-анасына хабарласып сұраймын. Ал қыз балаларды қазір ажырата аламын. Себебі Анелге қарағанда Адел шапшаңдау, жылдам қимылдайды. Ал былай жаңадан көрген адам анықтай алмайды. Себебі үнемі бірге жүреді, бірдей киінеді», – дейді сынып жетекшісі Бәтес Абзалбекова.
Бекарыс пен Бекбарыс көпбалалы отбасынан шыққан. Егіз тектерінде бар. Тек келбеттері ғана емес, сөйлеу мәнерлері де ұқсайды. Кейде бір сөзді екеуі бір уақытта айтып қалатын кездері болады екен.
«Екеуі бір-бірін іздеп жүреді, жанашырлық танытып, көмектесіп отырады. Ойнағанда бірге, ұйықтағанда да бірге ұйықтайды. Бір кәмпит берсек те, соны бөліп алады», – дейді әжелері Шәкен Ескеева, Бекарыс пен Бекбарыстың әжесі.
Алайда екеуінің әуестігі әртүрлі. Бекбарыс есепке жүйрік. Оқығанын бірден ұғып алады, әрі спортқа икемді. Ал Бекарыстың әдебиетке деген беталысы жақсы — ақын-жазушылар жырларын жатқа оқитын оқушы.
«Туысқандарымыз бізді шатыстырады. Біз оған үйреніп алғанбыз. Егер Мұхаметқадір сабаққа бармаймын десе, мен де қалып қоямын. Онсыз маған қызықсыз», – дейді 1-сынып оқушысы Бекбарыс Мұхаметқадір.
«Бізбен қатысты көп оқиғалар болады. Мектепте бізбен бірге фотоға түсуге көп оқушылар келеді. Екеуіміздің ортамызға тұра қалып, «арманымыз орындалды» деп те жатады», – дейді 1-сынып оқушысы Бекарыс Мұхаметқадір.
Адель мен Анел оқуда озат. Әсіресе өнерге жандары жақын: ән шырқайды, би билейді, арнайы гимнастика үйірмесіне қатысады. Оларда ерекше байланыс бар — бір-біріне көңіл күйі қатты әсер ететін көрінеді. Біреуі ауырса, сыңары да сырқаттанып қалады екен.
«Мен Адель барда ешкімнен қорықпаймын. Ол үнемі мені қорғап жүреді. Кейде балалармен сөзге келіп қалсам, үнемі мені қорғайды. Үй тапсырмасын оқығанда бір-бірімізге көмектесеміз», – дейді Анел Нұржанова.
«Бізге анамыз үйді жинау керек десе, бірге жинап тастаймыз. Дүкенге де бірге шығамыз. Мен Анелсіз өзімді нашар сезінемін. Екеуіміздің талғамымызға дейін бірдей. Сондықтан киім алғанда ата-анамыз қатты қиналмайды», – дейді Адель Нұржанова.
Барлық адам екеуі бір-біріне қатты ұқсайды дейді. Бірақ мен үшін екеуі екі түрлі. Туғанда бірден екеуі екі түрлі екенін байқағанмын. Оларға тәрбие беруде әрқайсысына бөлек-бөлек көңіл бөлеміз», – дейді анасы Гүлнәз Бөлекбаева.
М. Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназияда 12 егіз жұп, бір үшем білім алады. Бір қызығы — олар өзара тату. Сынып сағаттарында түрлі театрлық көріністерге бірге қатысады.
Жалпы Қарағанды облысында 143 егіз, 1 үшем дүниеге келіпті. Кеншілер жерінен шыққан атақты егіз спортшылар да бар. Олар — Геннадий және Максим Головкиндер мен Серік, Берік Елеуовтар.