Қарағанды облысында ауыл тұрғындары дронның көмегімен жайылымдағы малын үйден шықпай-ақ қадағалап отыр. Сұлтан Сәбиттің отбасылық шаруа қожалығы бар. Төрт түлікті бағу үшін ол қолына құрық емес, пульт ұстайды. Ұшатын құрылғының көмегімен малды әуеден бақылап, қашықтан қадағалайды. «Қанатты көмекші» екі малшының ісін атқарады дейді.

«Бастапқыда дрон төбеден ұшқанда, мал үркіп, жан-жаққа қашатын. Қазір олар үйреніп алды. Кешкісін малды қайыру үшін дрон ұшырыла бастағанда, сиырлар бірден ауылға қарай бет алады», — дейді Қызыларай ауылының тұрғыны Сұлтан Сәбит.
Бұрын жоғын іздеген малшы табан тоздырып, тау-тасты кезетін. Қазір уақыт басқа. Қызыларайлық шаруалар атқа қонбай-ақ, бір шақырым биіктіктен төрт түлігін түгендеп отыр. Қалың шеңгелдің арасына тығылған мал да, шетке шығып кеткен ешкі де бұл «қырағы көзден» таса қала алмайды.

«15 жыл бұрын біреу маған дронның көмегімен мал бағуға болады десе, сенбес едім. Қазір малдың соңынан жүретін заман өтті. Уақытымызды үнемдейміз. Мал жайылымда жүрген кезде басқа да жұмыстарымызды қатар атқара береміз. Бұл — цифрландырудың нағыз кереметі», — дейді Сұлтан Сәбит.

Дрон 1 сағат бойы 10 километрге дейін ұша алады. 1000 метр биіктікке көтеріледі. Ұры-қарыдан сақтануға да құрылғының септігі көп көрінеді.
«Қазір менен көріп, ауылдағы басқа да шаруа қожалықтарының иелері дрон сатып алып жатыр. Себебі бұл өте ыңғайлы. Кейде тұрғындардың жоғалып кеткен малын тауып беріп жатамыз. Сондай сәттерде халық ақ батасын беріп, алғысын айтып жатады. Осындай жаңашылдықты енгізгеніме өзім де қуанып қаламын», — дейді Қызыларай ауылының тұрғыны Сұлтан Сәбит.

Қайнар Әуезхан, Қызыларай ауылының тұрғыны:
«Бұрын жоғалған малды іздеп, күндеп сабылатын едік. Қазір дронның көмегімен малымыз тез табылады. Осындай заманауи тәсілді ауылға енгізіп, елдің жұмысын жеңілдетіп жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз».

Ол блог жүргізеді. Қызыларайдың тылсым табиғатын әлемге паш етіп жүр. Оның объективіне Әулие таудың етегіндегі қысы-жазы жап-жасыл желек жамылған асқақ шыршалар мен көк тіреген Ақсораңның шыңы жиі ілігеді. Саяхатшылар тамсана пікір жазып, бұл өңірге келуге асығады. Осылайша, бір ғана дронның көмегімен туризм саласына да өз үлесін қосып жүр.

«Менің блогымды көрген көптеген шетелдік азаматтар ауылымыздың табиғатына қызығушылық танытады. «Бұл қай ел? Қандай жер?» деп жиі сұрап жатады. Сұраныс көп болғандықтан, қазір дрон арқылы табиғат көріністерін түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жүрмін. Негізі туризмді дамыту үшін осындай насихат өте қажет», — дейді Сұлтан Сәбит.
Сұлтан Сәбит Қызыларай орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ауыл балаларын волейболдан жаттықтырады.


