Қарағанды облысында 16 этнос өкілі тұратын ауыл бар. Көктіңкөлі ауылына кезінде тың игеру жылдары өзге ұлт өкілдері көшіп келген. Содан осы ауылды мекендеп қалған. Себебі бұл жерде 20 түрі жусан өседі. Сондықтан мал шаруашылығына қолайлы. Сондай кәсіпкердің бірі — Дмитрий Тихонов. Кешегі қойшы бала — бүгін шаруа иесі. 18 жастағы жігіт қой бағып озып отыр. Енді жер алып, шөп шауып, кәсібін дамытуды жоспарлайды.
Дмитрий Тихонов жұмыс жоқ деп қол қусырып отырған емес. Мектепті аяқтаған соң, жалданып елдің қойын бағады. Осылайша айлық жалақысын жинап, мал басын көбейткен. Қазір жас кәсіпкердің 30-дан астам жылқы, сиыр мен қойы бар. Жазда бие сауып, қымыз баптап, сүт өнімін келушілерге сатады.
«Біздің ауыл шөпке бай. Жусанның бірнеше түрі өседі. Жазда жайылымда, қыста шөп жинап аламыз. Мен жастайымнан мал бағып, еңбектеніп өстім. Қазір пайдасын көріп отырмын. Ауылда өз шаруашылығыңды ашуға мүмкіндік көп. Бірінші қор жинап алып, кейін ауыл шаруашылығы саласын кеңінен зерттегім келеді», — дейді жас кәсіпкер Дмитрий Тихонов.
Дмитрий болашағын ауыл өмірімен байланыстырады. Жоғарғы оқу орнына түсіп, ауыл шаруашылығы бағытында білімін жетілдірмек. Агробизнес пен экологиялық таза өнімдерді өндіру жолдарын зерттегісі келеді.
«Дмитрийдің әкесі осы Көктіңкөлі ауылындағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан азамат. Әкесі ерте қайтыс болды. Дегенмен баласы қазір отбасын осы еңбектің арқасында асырап отыр. Қазір жеке шаруа қожалықтарына берілетін көмекті зерттеп жатыр. Үкіметтің осы мүмкіндігін пайдаланып, одан әрі шаруашылығын өркендететін болады», — дейді Көктіңкөлі ауылдық округінің әкімі Қуаныш Тегісұлы.
Ол небір асау арғымақты ырқына көндіреді. Шалма тастағанда алдына жан салмайды. Кейіпкеріміз баптаған сәйгүліктер аламанның алдын бермей келеді. Кейіпкеріміз білектің күші сыналатын көкпар жарысында ауыл намысын қорғайды.
«Ат — менің серігім. Бір күн атқа отырып шаппасам, көңіл-күйім болмайды. Көкпар ойынында жеңіспен ғана қайтуды көздейміз. Қазір ауылдың жас балаларын осы ұлттық спортқа үйретіп жатырмыз», — дейді Дмитрий Тихонов.
Дмитрий 1-сыныпқа барғанда қазақ мектебін таңдаған. Мемлекеттік тілді өзі ғана меңгеріп қоймай, ата-анасына да үйреткен.
«Мен қазір орыс тілінде сөйлей алмаймын. Күнде ауылда қазақша сөйлескендіктен, орыс тілін ұмытудамын. Қазақ мектебінде оқығанда қиналған жоқпын. Үйде ата-анам қазақ тілін білмейтін. Оларға үйреттім. Маған қазақ салт-дәстүрлері жаныма жақын. Болашақта қазақ жөн-жоралғысымен үйленемін. Балаларыма да осы салтты үйрететін боламын», — дейді Дмитрий.
Көктіңкөл — Қарағанды облысындағы ең көп этнос өкілі тұратын ауыл. Олар қазақ тілінде сөйлейді. Үйі аралас, қойы қоралас жатқан халық бір-бірімен қыз алысып, құда болған.