«Қазақ тілі — жүректерді жалғайтын алтын көпір». Нұра ауданындағы әлеуметтік қызметкер Анастасия Крыль мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Бүгінде бұл тіл қариялармен етене араласуға, олардың сеніміне ие болуға мүмкіндік беретін маңызды құралға айналған.
Анастасияның әлеуметтік салада еңбек етіп келе жатқанына биыл 11 жыл толады. Қазір оның қамқорлығында жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Аптасына екі рет олардың үйіне барып, күнделікті шаруаларына көмектеседі. Үйін жинайды, ас-суын әзірлейді, дәрі-дәрмегі мен қажетті азық-түлігін жеткізіп береді.

«Кей адамдар мұндай жұмысқа шыдамайды, бірақ маған ұнайды. Қарт кісілерге көп нәрсе қажет емес, ең бастысы — бірнеше жылы сөз айтып, комплимент жасау. Мысалы, адамның көңіл күйі жоқ екенін байқасам, киімінің қаншалықты әдемі екенін бірден атап өтемін. Сонда көңіл күйі бірден көтеріледі. Мұндағы ең бастысы — адаммен ортақ тіл табу, ал қалғаны онша қиын емес», — дейді әлеуметтік қызметкер Анастасия Крыль.

Әлеуметтік қызмет — уақыт пен ауа райына қарамайтын жұмыс. Әсіресе қыстың көзі қырауда Анастасия ер-азаматтың да шаруасына кіріседі. Ауланың қарын күрейді, отын тасып, пеш жағады.
«Қыста жұмыс істеу біраз қиындау, кейде маған жұбайым көмектеседі. Бірақ барлық қиындықтарға қарамастан, мен бұл жұмысты тастау туралы ешқашан ойланған емеспін», — дейді әлеуметтік қызметкер Анастасия Крыль.
Әлемді мейірімділік құтқарады дейді. Ал сол мейірімділіктің шынайы үлгісін Анастасия күнделікті тірлігімен көрсетіп жүр. Ол — зейнеткерлердің көмекшісі ғана емес, сырлас досы, сенімді серігі.
«Ата-анам мені бала кезімнен үлкендерді сыйлауға және көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға үйретті. Ауыр сөмке көтеріп келе жатқан әжелерді көрсем, дереу жүгіріп барып көмектесетінім есімде. Адамдарға қамқорлық жасауға деген ұмтылыс маған бала кезімнен бері тән болар», — дейді әлеуметтік қызметкер.
Гүлнәр Қарғабаева, зейнеткер
«Мен Анастасияны ешкімге бермеймін. Кейде әлеуметтік бөлімнен хабарласып, әлеуметтік қызметкерді ауыстырғылары келетінін айтады, бірақ мен бірден бас тартамын. Ол менің үйімдегінің бәрін біледі, тіпті банктегі шоттарымды да оған сеніп тапсырамын. Басқа ауылда сіңлім тұрса да, бәрібір Анастасияға көбірек жүгінемін. Тіпті қыста түнде көмек керек болса да, ол ешқашан бас тартпай, үнемі келеді».
Ал мемлекеттік тілді жетік білуі — күнделікті жұмысында үлкен көмек. Өйткені Анастасияның қамқорлығындағы қариялардың дені қазақ тілінде сөйлейді. Сондықтан қазақ тілін білу оған қызметтік міндетін атқаруға ғана емес, үлкендердің жанын түсінуге де жол ашады.
«Менің қамқорлығымдағылардың көбі — қазақ тілді аталар мен әжелер, сондықтан мемлекеттік тілді білу жұмыста көп көмегін тигізеді. Кейде Гүлнәр тәтемен сөйлесіп жатып, еріксіз орыс тіліне көшіп кетемін. Бірақ ол мені тоқтатып: «Жаным, қазақша сөйлесейікші», — дейді», — дейді Анастасия.
Анастасия — орыс этносының өкілі. Ақмола облысының Шалқар ауылында дүниеге келген. Қазақ мектебінде білім алып, қазақтың салт-дәстүрі берік сақталған ортада өскен.
«Біздің отбасымыз ауылдағы жалғыз орыс отбасы болды. Бастапқыда қазақ тілін білмегендіктен, маған қиын болды. Бірақ бір сыныптасым оны меңгеруге көмектесті, ал мен оған орыс тілін үйреттім. Барлық достарым қазақтар еді. Үш жылдың ішінде-ақ қазақ тілінде еркін сөйлей бастадым», — дейді әлеуметтік қызметкер Анастасия Крыль.
Анастасияның жұмыс күні осымен аяқталмайды. Күндіз қарттарға қызмет көрсетсе, кешкісін фитнес жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. Қыз-келіншектерге салауатты өмір салтын ұстануға, денесін шынықтыруға көмектеседі. Қамқорлығындағы қарияларды да көбірек қимылдап, белсенді болуға шақырады.
«Мен өте арық болдым да, фитнеспен айналысуды ұйғардым. Уақыт өте келе бұл іске қызыға түсіп, нәтижесін көріп, өзім де фитнес-тренер болуға бел будым. Енді бос уақытымда қамқорлығымдағы жандарды да спортқа баулуға тырысамын, өйткені жас ұлғайған сайын бұлшықеттер әлсірейді, ал оларды нығайту өте маңызды», — дейді Анастасия Крыль.
Ол — аяулы жар, екі ұлдың анасы. Балаларын да үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға тәрбиелеп келеді.








Комментарии
Пока нет комментариев — будьте первым.