Қарағанды қаласында «Құстарға қамқорлық» акциясы өтуде. Көктем мезгілінен бастап табиғат жанашырлары 100-ге жуық ұя жасаған. Ал қысқы маусымда астаулар орнатуда. Сәкен Келдібаев бастаған бір топ табиғат жанашырлары Әнет баба мешітінің жасыл желек жайқалған алаңына 10 дана астау орнатты. №16 мектеп оқушылары жем салып, игі шараға атсалысты. Бұл құстар қыстан аман-есен шығуына кепілдік. Бастама балаларды табиғатты аялауға баулиды.
«4-сынып оқимын. Сыныптастарыммен келдім. Құстарға астау орнатудамыз. Қазір қыс, қар жауды. Жерді жауып тастады. Құстар азықсыз қалды. Сондықтан, жем салып, құстарды қыстан аман қалдыруымыз керек. Табиғатты аялайық. Құстарға қамқор болайық», — дейді №16 мектептің оқушысы Жанбота Берік.
Акцияны жергілікті тұрғындардан бастап, мәслихат депутаттары мен бірнеше басқарма басшылары қолдай түскен. Мысалы, астауларды Қарағанды қаласының мәдениет, демалыс саябақтары мен гүлзарлары басқармасы тарту еткен. Орманшылар да астауларды қолда бар заттарды қайта өңдеу арқылы жасаған. Барлығы қол жетер биіктікте орналастырылды. Бұл мешітке келушілер де құстарға жем сала алуы үшін ойластырылған. Ендігі кезекте, қойылған астауларға әрбір адам жем сала алады.
«Құстарға жем салатын астауды биікке ілуге болмайды. Адамның қолы жететін болуы керек. Әрбір адам қолында, қалтасында жем, шемішке тіпті нанның қиқымы болса да салып тұрса болады. Осылай өскелең ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Көктемде құстар келгенде паналайтын ұялар ілген едік. Оны оқушылардың өздері еңбек сабағында қолдан жасаған болатын. Сондықтан бұл акция көктемде басталып, күзде осылай жалғасуда. Бұны дәстүрге айналдыруымыз керек», — дейді табиғат жанашыры Сәкен Келдібаев.
Акцияның басталғанына бар болғаны 2 апта. Соған қарамастан еріктілер қазірдің өзінде қалада 50-ден астам құс астауын орнатып үлгерген. Қоғам белсендісі желтоқсанға дейін тағы 100-ін орнатуды көздеп отыр. Оны Қарағанды қаласындағы мектептер мен жоғары оқу орны алаңдарында іледі.