Қарағандыда ұстаз Ольга Тим өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретіп жүр. 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген педагог қазақ тілін дәріптеуде. Ольга Тим Осакаров ауданының қазақ ауылында туып-өскен. Бұл оған мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, ұлттық салт-дәстүрді терең түсінуге мүмкіндік берді. Ұстаздық жолды ол өз қалауымен таңдаған. Бүгінде білім беру саласында 20 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді.

«Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен үшін ерекше пән болды. Сол кезде-ақ болашақта дәл осы пәннің мұғалімі боламын деп шештім. Менің екі үлкен әпкем де – педагог. Сол кісілердің еңбегін көріп өстім. Үнемі дәптер тексеріп отырғанын, сабаққа тыңғылықты дайындалғанын, әр оқушыға жеке көңіл бөлетінін байқайтынмын. Бұл мамандықтың сырт көзге оңай көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілікті талап ететінін ерте түсіндім. Соған қарамастан, ұстаз болуға деген ниетім ешқашан өзгерген жоқ. Қазақ тілі – мен үшін тек пән емес, ол – ұлттың жаны, рухы. Осы тіл арқылы оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді мақсат етемін», — дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ольга Тим.

Тәжірибелі ұстаз сабақ барысында көрнекілік құралдарды көп пайдаланады. Балалармен тек қазақша сөйлеседі. Себебі, тіл меңгеру тәжірибемен келетінін жақсы біледі. Оны шәкірттері де, ата-аналар да ерекше құрметтейді.

«Ольга Германовна — өз ісінің шебері. Қазақ тілін насихаттап, бүкіл мектептің қазақша сөйлеуіне жағдай жасап жүр. Біз оны білікті маман әрі жақсы адам ретінде жоғары бағалаймыз. Ол әрдайым ізденіс үстінде жүреді, жаңа әдіс-тәсілдерді сабақта тиімді қолдана біледі. Оқушылармен қарым-қатынасы өте жылы, әр баланың жүрегіне жол таба алады. Әсіресе, қазақ тілін үйренуге қиналатын балаларға ерекше көңіл бөліп, оларды жігерлендіріп отырады», — дейді бастауыш сынып мұғалімі Елена Малхасян.
Ольга Тим Достық үйі жанындағы қазақ тілі клубын басқарады. Мұнда түрлі этнос өкілдері тіл үйренеді. Қазіргі таңда клубта 20-ға жуық адам білім алуда.
«Мемлекеттік тіл арқылы оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді мақсат етемін. Сабақ барысында балалардың қызығушылығын ояту, оларды еркін ойлауға, сауатты сөйлеуге үйрету – мен үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық бар. Бұл барлығымыз үшін өте маңызды», — дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ольга Тим.
Ольга Тимнің отбасы көпұлтты. Әулетінде қазақтың құндылықтарына ерекше құрмет көрсетіледі. Балалары мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.





