Среда, 25 ноября, 2026

Қарағанды облысында қысты халық болжамымен қалай болжайды

Қарағанды облысында қысты халық болжамымен қалай болжайды

Қыс қаһарына мінбей тұрып, оның мінезін танып, алдағы күн райын алдын ала болжау – ата-бабамыздан жеткен өмірлік тәжірибе. Қазақ халқы табиғаттың әр құбылысын назардан тыс қалдырмай, жан-жануардың әрекеті мен қылығын бақылаған. Осы белгілерді жылдар бойы жинақтап, өзіндік болжам жүйесін қалыптастырған. Бүгінде ғылыми метеорология дамығанымен, халықтық күнтізбеде сақталған танымның да өзіндік орны бар. Ауа райын болжау екінің бірінің қолынан келе бермеген. Ел ішінде табиғат құбылыстарын күн сайын бақылап, өзгерістерін қойын дәптеріне түртіп отырған арнайы есепшілер болған. Олар жыл айналымын төрт тоқсанға бөліп, әр маусымның сипатына қарай алдағы күндердің жайын межелеген. Осындай жүйелі бақылау мен есеп жүргізу ұрпақтан ұрпаққа жетіп, халық күнтізбесінің негізіне айналды.

Материалға фото

«Қарашада жауған қар егерде ақырындап жауатын болса, бұл желтоқсан айында, әсіресе ақпан айында тағы да қардың қалың боп түсуі, боранды болуы әбден мүмкін. Мұның бәрін біз қазір ойдан шығарған жоқпыз. Бұрын халық календары деген болған. Халық календары бойынша шілденің 5-і болған ауа райы жарты жылдан кейін қайталанып отырған», – дейді тарихшы, этнограф Темірғали Аршабеков.

Материалға фото

Табиғаттың тілін танып, күн райын қағазға түсірмей-ақ болжайтын жандардың бірі – Қарқаралы ауданына қарасты Бесоба ауылының тұрғыны Қанат Исаханов. Жиырма жылдан астам уақыт мал баққан шаруа ауа райының өзгерісін жер мен көктен ғана емес, төрт түліктің қылығынан да аңғарады. Оның айтуынша, әр мезгілдің өзіне тән белгісі бар. Солардың бірі – халық күнтізбесіндегі «Ақырап» амалы. Бұл кезеңдегі алты күнге қарап, алдағы қыстың қалай өтетінін болжаған.

«Бұл ақырап деген октябрьдің ескіше 1–13 аралығында болады. Сол алты күнді қарап отыру керек. Ақыраптың 6 күні, дейді қазақ, 6 ай болатын қысты шешеді дейді. Сол күні жел оңынан тұруы керек. Жақсы мамыржай, ала бұлт шығып, сондай күн болады ғой. Ал сол күні күн ыстық болса, қыс қатты аяз болады бірінші күні. Алты күні шешіп кетеді соның», – дейді Бесоба ауылының тұрғыны Қанат Исаханов.

Материалға фото

Кезінде аталарымыз он екі айдағы жиырма төрт амалды жіті бақылап, әр айдың басы, ортасы мен аяғындағы өзгерістерге мән берген. Әр амал шамамен жеті күнге созылады. Оның алғашқы күндері қалай басталса, соңы да солай аяқтала бермейді. Этнографтың пайымынша, биыл қарашадағы жайлы күндер қыс мезгілінің де біршама қолайлы болатынын аңғартады.

Материалға фото

«Біздің көшпелі халықтың ауа райын болжауы өзінің күнделікті күнкөрісі үшін де, жалпы төрт түлік малдың бағым-күтімі үшін де ерекше маңызды болды. Жалпы қараша айына ерекше мән береміз, қыстың қамы деген сияқты. Сондықтан, міне, айдың ортасына келіп қалдық, қараша айы бізге жайлы болып тұр», – дейді тарихшы, этнограф Темірғали Аршабеков.

Материалға фото

Көшпелі тіршілік кешкен жұрт төрт түліктің жайын ғана емес, құстардың қимылын, аң-құстың мекен ауыстыруын да назардан тыс қалдырмаған. Малдың мазасыздануы, құстардың топтасып ұшуы, ықтасын іздеуі секілді тосын әрекеттер алдағы ауа райының хабаршысы саналған. Табиғатпен етене өмір сүрген халық оның әр өзгерісінен алдағы күннің белгісін танып, тіршілігін соған қарай бейімдеген.

Как вам материал?

Пока нет комментариев — будьте первым.

Оставить комментарий