Қарағандылық 75 жастағы спортшы Дәрібай Оспанов пауэрлифтингтен әлем чемпионатында алтын мен күміс медаль жеңіп алды. 46 елден түрлі жастағы 960 спортшы бақ сынаған бәскеде ақсақал үздік өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатты.
Жарыс АҚШ Остин қаласында өтті. Дәрібай Оспанов — Қазақстаннан сайысқа барған ардагерлердің жалғыз өкілі. Ол Әлем чемпионатында 70 жастан асқан спортшылар санатында өнер көрсеткен. Ақсақал классикада күміс, ал экипировкада алтын жүлде иеленді.
«Әлем чемпионатында 70 жастан асқан спортшылар санатында өнер көрсеттім. Біз 5 адам болдық — жапон, неміс, канадалық және үндіс. Нәтижеге ризамын. Мақсатым — Дания спортшысын жеңу. Ол 94 жасында өнер көрсетті, ал мен 95 жасымда да жарысқа қатысамын», — дейді әлем чемпионы Дәрібай Оспанов.
Дәрібай Оспанов — Қарағанды облысы,Шет ауданы Ағадыр кентінің тұрғыны. Темір жол саласында ұзақ жылдар қызмет еткен. Спортпен кәсіби түрде 56 жасында айналыса бастаған көрінеді.
«Мен спортқа ойламаған жерден келдім. Ауыр жаттығулардың арқасында Азия мен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атандым. 63 жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. Әлемдік рекордты 2021 жылы 72 жасымда Теміртауда өткен Қазақстан чемпионатында қайталадым. Гонконгтағы чемпионатқа төрт ай дайындалдым. Әрине, қиын болды, бірақ жақсы нәтиже көрсеттім. Сегіз медаль жеңіп алдым, қазір он дүркін Азия чемпионы, әлемнің үш дүркін күміс жүлдегерімін. Осы жолы қазақ туын көкке көтергенде жылап жібердім», — дейді зейнеткер.
Дәрібай Оспанов үш бала тәрбиелеп, барлығын спортқа баулыған. Кенже ұлы Қараманды 13 жасынан бастап өзі жаттықтырады. Бүгінде ол Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Әлем біріншілігінде де классикада жеңімпаз атанып, экипировкада екінші орын иеленді. Ол жарыстарда өнер көрсетіп қана қоймай, Ағадырда балаларды жаттықтырады.
Дәрібай Оспанов қыркүйекте өтетін Азия біріншілігіне, Норвегияда өтетін әлем біріншілігіне қатысуды көздеп отырғанына айтады.