Понедельник, 14 июля, 2025
ДомойАвторские колонкиЛюдиАшыған көже: Байдалы Би ауылының зейнеткері дәстүрлі сусынды бизнеске қалай айналдырды

Ашыған көже: Байдалы Би ауылының зейнеткері дәстүрлі сусынды бизнеске қалай айналдырды

Ұлытау облысында тек қымыз сұраныста деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Мұндағы кәсіпкерлер ұмыт болған ұлттық сусынды қайта жаңғыртып жатыр. Байдалы би ауылының тұрғыны Зәуреш Жаркенова сиыр сүтінен ашыған көже әзірлейді. Оны сатып, пайда табады. Бір қарағанда таң қалатын түгі жоқ дерсіз. Бірақ, таңсық асқа айналыпты. Қысы-жазы сұраныс жоғары.

Ашыған көже: Байдалы Би ауылының зейнеткері дәстүрлі сусынды бизнеске қалай айналдырды

Зәуреш Жаркенованы жерлестері бармағынан бал тамған аспаз деседі. Ашыған көжені дайындау әдісі қарапайым болғанымен, дәмін келтіру үшін әркім әртүрлі әзірлейді. Зәуреш апаның да құпиясы бар. Бізбен бөлісті. Сиыр сүтіне ұн қосып қайнатады, кейін салқындатып қояды. 63 жастағы зейнеткердің қазіргі ісі осы. Пайдасы да жаман емес. Айына 300 000 теңгеге жуық табыс тауып отыр. 10 жылдан бері Ұлытау, Қарағанды облыстарына пайдалы сусын ұсынып келеді.

«Сүт қана қоссақ, сылдыр су болып кетеді. Сондықтан көже қоюлансын деп ұн қосамын. Ұнды көп қосуға да болмайды. Нақты бір көлемі бар. Тұтынушылардың көбісі қымыздан көрі осы сусынды алады. Айтуларынша, тамақ ішкеннен кейін асқазанды қорытуға жақсы әсер етеді екен. Шөлді де басады. Халық тойға, құран оқытқанда да осы ашыған көжені сатып алып жатады», — дейді Байдалы би ауылының тұрғыны Зәуреш Жаркенова.

ашыған көже напиток

Тағы бір ерекшелігі — сусынды шелекке емес, күбіге ашытады. Себебі ағаш температура мен ылғалдылықты бірқалыпта ұстап, пайдалы дәрумендер көбеюіне ықпал етеді.

«Күбіге біз қаймақ жағып ыстаймыз. Сондықтан ашыған көжеде ыстың дәмі болады. Сосын дәмін татқанда көпшілік қымыз деп қалады», — дейді Байдалы би ауылының тұрғыны Зәуреш Жаркенова.

Алтын Байканова

«Мен Астана қаласының тұрғынымын. Ашыған көжені бірнеше шақырым қашықтықтан орналасқан Байдалы би ауылына тапсырыс береміз. Зәуреш тәтенің ашыған көжесі балдай. Бір рет тапсырыс бергенде бірнеше литрге аламыз. Сосын туған-туыс, көрші маңайға таратамыз», — дейді Астана қаласының тұрғыны Алтын Байқанова.

Зейнеткер күніне 100 литр ашытады. Сүт жетпесе, ауыл тұрғындарынан сатып алады. Яғни, бұл бизнес тек бір әулетті ғана емес, бірнеше отбасына табыс көзі болып отыр.

Мыңжан Сәтбергенов

«Ауылда бұрын сүт қабылдайтын пункт бар болатын. Қазір жұмыс жасамайды. Ал қазір тұрғындар бізге тапсырады. Біз сүтті сатып алып, оны іске жаратамыз. Сондықтан бұл бизнестің пайдасы күллі ауылға оң әсерін тигізіп жатыр», — дейді кәсіпкер Мыңжан Сәтбергенов.

Қазір нарықты газдалған, қант қосылған зиянды сусындар жаулап алды. Оларды алмастыруға таптырмас дәм. Оның үстіне сусынның пайдасы көл-көсір. Адамға қуат беріп, денені сергітеді. Құрамындағы қышқылдық адам ағзасын тазартады. Асқазанның жұмысын жақсартады.

Ашыған көже

«Совхоз тараған соң, 1994 жылы мен сүтпен айналыса бастадым. Алдымен сүт саттым, сосын ашыған көже дайындаудың ерекше тәсілін үйреніп алдым. Нәтижесінде осы сусыннан пайда көп таптым. Міне, биыл осы бизнеспен айналысқаныма 30 жыл болды. Балаларымызды осы кәсіптің арқасында оқытып жеткізіп, үйлендірдік», — дейді Зәуреш Жаркенова, Байдалы би ауылының тұрғыны.

Мыңжан Сәтбергенов пен Зәуреш Жаркенова 4 баласынан 10 немерені бағып отыр. Бүгінде олар отбасымен осы бизнесті дөңгелетіп жүр. Келешекте кәсіп көлемін кеңейтуді көздейді.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное