Воскресенье, 23 августа, 2026

80 жаста — трактор тізгінінде: Зүбәйра Сыздықованың өмір жолы

Зубайра Сыздыкова

Сексен жас – көпшілік үшін тынығатын шақ. Ал Нұра ауданының тұрғыны Зүбәйра Сыздықова үшін бұл – әлі де еңбек етіп, туған ауылына пайдасын тигізетін кезең. Қырық жылдан астам трактор мен комбайн тізгіндеген ардагер-механизатор бүгінде де белсенді өмір салтынан жаңылған емес.

80 жастағы Зүбәйра Сыздықова тракторға еш қиналмай қарғып мініп, үйреншікті қимылмен қозғалтқышты оталдырады. Ауылда жиналып қалған қоқысты тіркемеге тиеп, ауыл сыртына шығарып жүр.

За рулём тяжёлой техники Зубайра

«Мен үшін трактор – үйреншікті іс. Мен техника саласында қырық жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Қазір жасым келіп қалды, әрине, бірақ ауылға көмектесе алсам, неге болмасқа? Әлі күшім барда, еңбек ету керек», – дейді ардагер-механизатор Зүбәйра Сыздықова.

Зүбәйра әжей – қырық жылдан астам уақыт техника тізгіндеген кәсіби механизатор. Еңбек жолын Ақмешіт ауылында бастап, жер жыртып, шөп шапты. Механизаторлар арасындағы еңбек жарысында жүлделі екінші орынды иеленген. Жасынан трактор мен комбайнды тізгіндеп, дала төсін дүбірге бөледі.

Зубайра Сыздыкова в молодости

«Жұмыс ауыр болатын. Әсіресе егін жинау кезінде. Таңнан кешке дейін алқапта жүретінбіз. Бірақ жас болдық, күшіміз де мол еді. Жұмысымыз да ұнайтын. Алқаптың орылғанын, өнімнің жиналғанын көргенде, еңбегіңнің зая кетпегенін сезінесің», – дейді зейнеткер.

Кейіпкеріміз Ресейде туыпты. Әкесі – қазақ, анасы – башқұрт. Қазақстанға қоныс аударған соң ауылдағы кәсіптік-техникалық училищеде білім алады. Дәл осы жерде алып техникаларды жүргізуді меңгереді.

Зубайра Сыздыкова в детстве

«Оқи бастағанымда техника маған өте үлкен болып көрінді. Басында біраз қорқынышты болды. Бірақ бірте-бірте үйреніп шықтым. Кейін өзім де тракторды да, комбайынды да басқара алатын болдым. Мұның бәрі маған қатты ұнайтын», – дейді ардагер-механизатор Зүбәйра Сыздықова.

Қария кез келген техниканың тілін табады. Бүгінде де ауыл көшелерін велосипедпен еркін аралап, қажет болса, мотоциклге де еш ойланбастан отырады.

«Мотоцикл де айдадым. Рас, бір күні тепе-теңдікті сақтай алмай, құлап қалдым. Жақсы жері, ешқандай ауыр жарақат алған жоқпын. Бірақ содан кейін де жүруді тоқтатқан жоқпын. Мен жалпы бос отырғанды ұнатпаймын», – дейді ол.

Ерлан Серікбаев, көршісі

«Ол бізде өте белсенді. Кейде өзіміз де таңғаламыз: жасы сексенде болса да, әлі күнге дейін жұмыс істейді. Бірде тракторда, бірде бау-бақшада, бірде гүлдермен әуре болып жүреді. Оған үнемі бір нәрсемен айналысып жүру керек. Оны жай ғана үйге отырғызып қойсаң, ұзақ отыра алмайды».

Зүбәйра әжейдің ауласында гүлдің сан алуан түрі жайқалып өсіп тұр. Бірі қанық түсімен тамсандырса, енді бірі аңқыған хош иісімен баурайды. Зейнеткер әр гүлге ерекше күтім жасайды. Зейнетақысының бір бөлігін де бау-бақшасын көркейтуге жұмсайды екен.

Уход за цветами

«Мен гүлдерді өте жақсы көремін. Таңертең аулаға шығып, оларға қарасаң, көңіл-күйің бірден көтеріліп сала береді. Әр гүлдің өз күтімі болады. Сондықтан оларды суарып, орындарын ауыстырып, баптап күтемін. Бұл да – еңбек, бірақ өте жағымды еңбек», – дейді ардагер-механизатор Зүбәйра Сыздықова.

Бақшасында көкөніс пен жеміс-жидек те мол. Құлпынай, алма, алмұрт, жүзім сияқты дақылдармен қатар, Орталық Қазақстанда сирек өсетін ағаштарды да кездестіруге болады. Мысалы, мына қаражемісті шетен қан қысымын қалыпқа келтіруге көмектеседі. Ал долана жүрек пен қан тамырларының саулығына пайдалы.

Двор

«Бәрін де өсіріп көргім келеді. Егер бір жерден жақсы өсімдік көрсем, өзіме де отырғызуға тырысамын. Тіпті бір күні бақта жұмыс істеп жүріп аяғымды сындырып алсам да, кейін бәрібір өсімдіктеріме қайта оралдым. Тастап кете алмадым», – дейді ол.

Зүбәйра Сыздықова Нұра ауданы бойынша «Үздік аула» байқауының жеңімпазы. Ауладағы демалыс орнының өзі қайта өңделген шыны бөтелкелерден тұрғызылған. Ол төрт баланы тәрбиелеп өсірген. Немере-шөберенің ардақты әжесі. Көп жылғы еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Как вам материал?
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Комментарии

Пока нет комментариев — будьте первым.

Оставить комментарий