Қарағанды облысында 72 жастағы әже «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына ат салысуда. Рымтай Әбенқызы трактор тізгіндеп, ауылды қоқыстан тазартуда.
Рымтай Әбенқызы 72 жаста. Зейнеткер трактор тізгініне отырудың оңтайлы сәті түссе, қалт жібермейді. Алдымен техникалық жағдайын тексеріп шығады. Себебі ауыр жұмысқа жегілетіндіктен көліктің жүрісінде кінәрат болмауға тиіс. Зейнеткерде 4 тонналық көлікті басқаратын физикалық күш пен зейін, бастысы тәірибе бар. Рымтай әже техниканы алғаш рет 8 сыныпта тізгіндеген.
«Мен тракторға алғаш рет 1977 жылы отырдым. Басында жүкпен жүргенде әрине қорқатынмын. Алайда, жылдам үйреніп алдым. Айналамдағы траткоршы ағалар көмектесіп, кеңес беретінді. Бұл жұмысымнан ләззат аламын: Себебі таза ауада жұмыс істеймін және айналаңдағы әдемі табиғаттың көрінісінің өзі неге тұрады? Жалпы, мен бала кезімнен ұл сияқты өстім. Мектеп кезімде тіпті көйлек киген емеспін», — дейді қария.
Кейіпкеріміз алты ай қыста жиналған күл қоқысты тракторымен сыртқа тасып, бір ай бойы «Таза Қазақстан» акциясына ат салысып жүр. Тракторшы әже жастайынан табиғатқа жанашырлық танытып келеді. Ол жыл сайын тұрғындар арасында өтетін «Таза аула» байқауының жеңімпазы.
«Әкімдік қызметкерлері менен жиі көмек сұрайды. Ешқашан бас тартқан емеспін. Әсіресе көктемнің кезінде қыс бойы жиналған қоқысты сыртқа шығару қиын. Мен бірден тракторымның рульіне отырамын және көршілер мен тұрғындарға көмектесемін. Біз бәріміз бір үлкен отбасы сияқтымыз. Мен еңбегім үшін ақша алмаймын. Ең бастысы, маған жанармай құйып берсе жеткілікті», — Рымтай Әбенқызы.
«Рымтай Әбенқызы әрқашан көмекке асығады. Ол бізден де, жастардан да жылдамырақ қозғалады. Физикалық тұрғыда өте шымыр адам. Егер осындай белсенді өмір салтын ұстанбаса, онда ауырып қалуы мүмкін», — дейді Талдыауылының тұрғыны Болат Қазыкенов.
Рымтай Әбенқызы Ақшатау ауылының тумасы 40 жылдық еңбек өтілі бар механизатор. Кеңес одағы тұсында Талды ауылында тракторымен жер жыртып, шөп шауып, мар бордақылау алаңдарында еңбек еткен.
«Рымтай тәтем ер адам сияқты. Әлі де атқа жақсы отыра алады. Асау атты үйретуге де шамасы жетеді. Бала кезімізде біз Жыландыбұлақ қыстағында тұрдық. Онда Жыландар өте көп болған еді. Сонда Рымтай тәте оларды ұстап алып, улы бездерін тістеуікпен суырып алып тастайтынды. Сосын мойнына іліп алып, жұмыс жасамасаңдар жыланды жіберемін деп қалжындайтынды. Ол жұмыс істегенді өте жақсы көреді. Немерелерін өзі сияқты ешқашан жұмыстан қашпауға тәрбиелейді», — деді Р. Әбекқызының әпкесі Сәуле Сәулебекқызы
Рымтай Әбенқызының өмірлік жары Ғазиз Иманбеков те механизитор болған. Олар бірге еңбек ете жүріп 4 баласын өсіріп, жеткізген. Бүгінде олардан 6 немере сүйіп отыр.