Қарағанды облысының Приозерск қаласында 36 метрлік ұзын хот-дог жасалып, Қазақстанның Гиннест рекордтар кітабына енді. Оны жергілікті аспаздар даярлаған. Бұл шеберлердің Тәуелсіздік күніне тартуы.
Хот-догқа 27 келі ұн, 15 келі тауық еті, 20 келі қияр мен пияз түрлі қоспалармен жұмсалған. Оның өзі бірнеше күн әзірленген. Барлығы жергілікті отандық өнімдер. Аспазшылар Тәуелсіздік күніне осындай сыйлық жасауды жөн көрген. Нәзік жандылардың еңбегін тұрғындар жоғары бағалап, алғысын білдірді.
«Бұл тағамды дайындауға бар ықыласпен кірістік. Таза отандық өнім. Сапасына мән бердік. Бәріміз үшін қалай шығатыны қызықты болды. Осында келген қонақтар, әріптестер дәмін айта жатар. Тәуелсіздік күні құтты болсын», – дейді аспаз Ксения Спивак.
Ел ішінде 31 метрлік хот-дог бұған дейін де Астанада пісірілген. Ал бұл жолы одан бірнеше метр артық дайындалып, Қазақстан рекордын жаңартты. Сондықтан ұйымдастырушылар ұжымға арнайы сертификат табысталды.
«Мен хот-догтың жасалуын бәрін фото, бейнетаспаға түсіріп отырдым. Хот-догтың жасалу сапасын назарға алдым. Бұл аспазшылардың үлкен еңбегі. Шынымен, еліміздегі ең ұзын хот-дог осы болып тұр. Біз осындай ерекшеліктерді қашанда бағалауға әзірміз», – дейді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Республика көлемінде ең ұзын хот-догты 9 аспаз даярлады. Күніне 500 мейманға тағам әзірлейтін тәжірибелі мамандар үшін бұл рекордты жаңарту қиынға соқпаған.
«Кейде 50 литрліктен 100 литр тағамдар дайындаймыз. Жүздеген адамға дастархан жайып әбден машықтанып алғанбыз. Түрлі тағамдар қостық. Тіл дәмін үйіретін асты дайындау біз үшін өте қызықты болды», – дейді аға аспаз Ақжібек Қосмұратова.
Бастапқыда аспаздар тағамды Тәуелсіздіктің 33 жылдығына 33 метр болады деп жоспарлаған. Алайда Қазақстан рекордтар кітабының өкілі өлшегенде 36 метрге бірақ жетті. Енді оның ресми сертификаты тек 2 айдан соң, арнайы комиссияның қайта қарауынан кейін табысталмақ.