Четверг, 14 августа, 2025
ДомойАвторские колонкиЛюдиҚарағанды облысының зағип шебері: Бөрібай Ысқақовтың хикаясы

Қарағанды облысының зағип шебері: Бөрібай Ысқақовтың хикаясы

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында көзі көрмесе де тұрмыстық техниканы жөндейтін шебер тұрады. Техниканың дыбысынан-ақ маркасын танып, қай жері бұзылғанын бірден айтады. Осындайда шеберлікке шектеу жоқ екеніне көз жетеді.

Бөрібай Ысқақовтың шағын шеберханасына істен шыққан техника атаулыны ауылдастары осында тасиды. Жөнделмейтіні кемде-кем. Теледидар, бейнемагнитофон сынды тұрмыстық техниканың түр-түрін әп-сәтте қалпына келтіреді.

Мастер Борибай Искаков

«Адам бәрін ең алдымен жүрегімен сезінуі керек. Жүрекпен сезінсе, миы ұғынады — бұл жеткілікті. Мен үшін екі қолым — көзімнің орнына жұмыс істейді. Егер адамның бойында шынайы ынта мен мықты жігер болса, ол ешқашан қажымайды, шаршамайды», — дейді Бөрібай Ысқақов.

Бөрібай Ысқақов бір жасында қос жанарынан айырылған. 11 жасқа келгенде ата-анасы баланың ерекше дарынын байқайды. Алайда еш жерде арнайы оқымаған. Ешкім қолына құрал ұстатып үйретпеген.

Ремент техники

«Баяғыда Попов ойлап тапқан радио бар еді ғой. Соның үзіліп қалған шнурынан бастап, плюс-минус тоқ жүйесіне дейін түгел жөндеп шықтым. 86 вольт дегені де болды — бәрін қосып, жүйесін қалпына келтірдім. Сымдарын түзетіп, майда-шүйде лампаларын ауыстырдым. Кейін тоқпен жұмыс істейтін радиолар, электрлік құрылғылар, магнитофондар шыға бастады. Солардың барлығын да жөндеп беретінмін», — дейді Бөрібай Ысқақов.

Борибай Искаков

Шебер қолда бар материалдардан спутниктік антенна да құрастырған. Кейін ауылдастарына жасап беріпті. Енді Ақбай Қызылбай тұрғындары қалаған арнасын көре алады.

«Спутник — өте күрделі құрылғы. Оны құрастыру оңай емес. Қазір сол іспен айналысып жүрмін. Бірақ ауыл тұрғындары тыным бермейді. “Мынау істемей қалды”, “Анау бұзылып қалды” деп шақыра береді. Амал жоқ, барып жөндеуге тура келеді», — дейді Бөрібай Ысқақов.

Рая Танабаева

Рая Танабаева, Бөрібай Ысқақовтың жұбайы: «Кілт пен саймандардың бәрін жаттап алдым — қайсысы қай жерде тұрғанын көзімді жұмып-ақ таба аламын. Біреу: “Ана көліктің фарасы жанып тұр ма?” — деп сұрай қалса, мен дереу көмектесуге дайынмын. Қолымнан келгенше қол ұшын беремін».

Бір қызығы, ақсақал еңбегін пұлдамайды. Қайырымдылық жасау — жүрек қалауы.

«Қайырымдылық деген бар ғой. Ауылда ағайын-туыс, көзкөргендер көп. Кейде балалар жүгіріп келіп: “Бөрібай ата, велосипедімді жөндеп беріңізші!” — дейді. Енді олардың көңілін қалай қайтарып жібересің? Үлкен мен кішінің айырмасы жоқ — көмекті бәрі бірдей қажет етеді. Қазір сол өнерімді ауылдағы жігіттерге де үйретіп жүрмін. Білгенімді басқаларға үйрету — парызым деп санаймын», — дейді автомеханик.

Гульмария Ташмагамбетова

Гүлмария Ташмағамбетова, ауыл тұрғыны: «Сүт тартатын машинкам бұзылып қалса, бірден осы кісіге жүгінеміз — қол ұшын бермей қоймайды. Жолдасымның техникасы істен шықса да, ең алдымен осы кісіні іздейді. Ауылда оны бос қоймайды, бәрі көмек сұрап келеді. Қолынан келмейтіні жоқ десек, артық айтқандық емес. Бүкіл ауылдың қажетіне жарап, талайдың шаруасын дөңгелетіп отыр».

Сынған көліктің ақауын ол дыбысына қарап анықтайды. Биыл бір айдың өзінде ауылдастарына үш трактордың моторын жинап беріпті. Ол қауіпсіздік ережесін қатаң сақтайды, жарақат алып көрмеген.

незрячий мастер

«Тоқпен мен доспын. Оның қайдан, қалай келетінін жақсы білемін. Қазір де тоқ қосулы күйде жұмыс істей беремін — өзіме еш зияны тимейді. Шарбағыңыз қисайып тұр ма, әлде шегесі майысып қалып па — соны да түзеп, қағып қоямын. Кейде ұлдар қарап тұрып таңырқайды. Бірақ мен бәрін сақтықпен, ережеге сай істеймін. Себебі қауіпсіздік — ең басты шарт», — дейді Бөрібай Ысқақов.

Мастер слепой

Рая Танабаева, жұбайы: «Көмір түсірген кезде екеуіміз бірге қораға кіргіземіз. Мен шелекпен, ол бакпен тасиды. Қай заттың қай жерде тұрғанын жатқа біледі — қажет кезде еш қиналмай тауып алады. Нағыз ұқыптылық пен іскерліктің үлгісі дерсің».

Ақсақалдың көзі көрмесе де, көкірегі ояу. Жан жарасының емін өнерден тапты: домбыра тартады, баянда ойнайды.

аксакал по имени Борибай

«Дарын болса, нота қажет емес. Музыканы бір рет тыңдаса жеткілікті — оны бірден құлақпен қағып алып, өзі-ақ әуенге салады. Бұл үшін арнайы музыкалық мектептің керегі жоқ. Музыканың адамға ерекше жеңілдік, рухани тыныштық сыйлайтын құдіреті бар. Соны жүрегіңмен сезінесің. Ойнағың келеді. Ал төңірегіңдегілер үшін бұл — бір ғанибет. Олар тыңдағысы келеді, әсер алады», — дейді шебер ақсақал.

Бөрібай Ысқақов бұл кәсіпке енді балаларын баулымақ. Айнала қараңғы болғанымен, жан дүниесі жарық кейіпкеріміз бәрін жүрекпен сезеді, біледі.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное