Қарағанды облысы Абай ауданындағы мүгедектігі бар жандар жеке ансамбль құрды. «Бірлік» тобы енді Түркияда өнер көрсетпек. Олар наурыз айында Стамбул қаласында өтетін ән байқауына қатысады. Қазір дайындықты бастап кетті.
Хамит Достахин бала кезінен ән салады. Алайда, 23 жасында жұлынына жасалған операция сәтсіз болып, қоларбаға таңылған. Алғашында өмірден баз кешіп, үміті үзілген еді. Бірақ өнерге деген махаббат еңсесін қайта тіктеуге мүмкіндік берді.
«Қарқаралы ауданындағы оңалту орталығына барып, ән айтып, өзіме деген қайта сенімім оянды. Сосын осында келіп, әнші болып жүрмін. Топ құрылғанда мүшесі болдым. Орысша, қазақша, тойдың әндерін айтқанды ұнатамын», — дейді «Бірлік» тобының мүшесі Хамит Достахин.
Шығармашылық ұжымның тағы бір мүшесі — Мұрат Сұлтан. Көз жанары көрмесе де, тағдыр сынына мойыған емес.
«Ән арқылы әлемім жарыққа толды», — дейді ол. «Таңертең шайымызды ішіп, осы мәдениет үйіне келуге асығамыз. Көзі көрмейтін, арбаға таңылған адамдардың үлкен сахнаға шығып, ән айтып, халықтың алдына шығуы — ерекше сезім. Ел бізді “мүмкіндігі шектеулі жандар” деп атайды. Біз оларға мүмкіндігіміздің шексіз екенін көрсеткіміз келеді», — дейді «Бірлік» тобының мүшесі Мұрат Сұлтан.
«Бірлік» тобында 12 әнші өнер көрсетеді. Бұған дейін де бірнеше халықаралық байқауда бақ сынап, жүлдемен оралған. Наурыз айында тағы бір белесті бағындырып көрмек. Әншілер қызу дайындық үстінде.
«Бәрі күнде: “Қарлығаш Утешовна, қашан репетиция? Біз үйде отыра береміз бе?” — деп сұрайды. Дайындық жасайық дейді. Бәрі алға ұмтылып, төрт қабырғада қамалып отырғылары келмейді. Өз өнерлерін көрсетіп, әрқашан биікке шығамыз деп, жалқаулық танытпайды. Олар бір-біріне осылай көмектеседі: киімдерімізді кигізіп, заттарымызды тасып, қолғабыс етеміз. Сахна сыртында біз үлкен отбасымыз», — дейді топ жетекшісі Қарлығаш Жұмағалиева.
«Бірлік» шығармашылық ұжымы 2018 жылы құрылды. Топтың қоржынында 50-ге жуық ән бар. Аудандық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік шараларға белсене қатысады. Астана қаласында жеке шығармашылық кешін беріп үлгерді.