Қарағанды облысында ұшқыштар даярлайтын орталықта нәзікжандылар саны артқан. Олар үшін аспан — жай ғана биіктік емес, бала күнгі арманға апарар жол. Бүгінде олар өз саласының мықты маманы болу жолында табанды түрде еңбек етіп жүр.
Алина Наурызбаева бала кезінен көкке көз тігіп, ұшқыш болуды армандаған. Қазір ол — курсант-ұшқыш. 50 сағаттық ұшу тәжірибесі бар. «Балапан» авиациялық оқу-жаттығу орталығына келген алғашқы күннен-ақ арманы алдамайтынын түсінген.

«Бұл менің бала кезімдегі арманым. Мен 13 жасымнан бастап ұшқыш болуды армандадым және осы мақсатыма кішкентай кезімнен дайындалдым. Ұшу дегеніміз — бірнеше сезімнің үйлесімі. Біріншіден, бұл жауапкершілік деп ойлаймын, өйткені сен адамдардың өміріне жауап бересің. Екіншіден, бұл жұмыс жердегі жұмысқа мүлдем ұқсамайды, өйткені сен техникамен де, ауамен де жұмыс жасайсың. Адамдармен өте тығыз, былайша айтқанда, «қорапшада» жұмыс жасайсың», — дейді курсант-ұшқыш Алина Наурызбаева.

Ол оқу-жаттығу орталығында терең даярлықтан өткен. Сызбаларды меңгеріп, әуеде тосыннан болуы мүмкін күрделі жағдайларда әрекет етуді үйренген. Ұшқыш үшін физикалық дайындық та маңызды. 750 сағат теориялық білім алып, кейін 250 сағат әуеде ұшу арқылы тәжірибе жинақтаған.

Ал «Балапан» ұшу оқу орталығының курсанты Гүлжан Журабекова Ташкенттен келген. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған ана. Бұрын шетелдік әуе компаниясында бортсерік болған. Енді ұшқыш болуға дайындалып жатыр. Болашақта азаматтық авиация саласында қызмет етуді мақсат етеді.

«Бұл оқу орталығы кәсіби нұсқаушыларымен және, әрине, қауіпсіз ұшуларымен ерекшеленеді. Мұнда техникалық қызмет көрсету де өте жоғары деңгейде. Қорқыныш әрдайым болады деп ойлаймын. Егер ұшқыштар мүлде қорқыныш сезінбесе, қауіпсіздік те болмас еді. Өйткені ең алдымен сен өзіңе және жолаушыларыңа үлкен жауапкершілік арқалайсың. Сондықтан бұл сезімсіз болмайды. Қазіргі кезеңде менің үлкен тәжірибем жоқ. Бірақ осы ер адамдардан құралған ұжымда маған өте түсіністікпен қарайды, олардың әрқайсысы барынша көмектесуге тырысады», — курсант-ұшқыш Гүлжан Журабекова.

Әр ұшар алдында қыздар әуе кемесін тексеріп, нұсқамадан өтеді. Мұнда тәртіп, жылдам әрі нақты әрекет ету маңызды. Қыздар әуеге ұшқан сайын өздерін жеңімпаз сезінеді. Себебі мұнда шеберлік, табандылық және батылдық сыналады.

