Қарағанды облысының Теміртау қаласында бір топта оқыған 10 азамат әскер қатарында жүр. Олар Шымкент қаласынан келген. Сарбаздар қазір тегеурінді тәртіпті меңгерген. Теміртау қаласындағы қоғамдық тәртіпті бақылауға алған. Ел алдында жауапкершілікті арқалап жүрген достармен әріптесім Гүлбақша Ақажанова сұхбаттасып қайтты.
Бір топтағы 9 сарбаз қазір сап түзеп жүр. Ал біреуі қарауылда тұр. Әскери тәртіпке сәйкес түсірілім кезінде қатарға қосыла алмады. Олар Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық колледжінде 3 жыл бойы бірге оқыған. Соңғы емтихан күні достар өзара келісіп, бірге әскерге баруға сөз байласқан.

«Егер мен әскерде жалғыз қызмет етсем, үйрену маған әлдеқайда қиын болар еді. Ал біз он дос бірге болғандықтан, бәрі жеңілірек: бірден тіл табысып кеттік. Біз бір-бірімізді қолдап, көмектесеміз, әсіресе кезекшілік кезінде біреу үлгермей жатса, әрқашан көмектесуге дайынбыз. Қызмет уақыты да байқалмай өте шығады», — дейді сарбаз Бексұлтан Түймебаев.

Олар әскер қатарында да бір елі ажырамайды. Жауынгерлік даярлықта елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, Ерасыл Асқар қарумен жұмысқа бесаспап. Автоматты 7 секундта шашып, 20 секундта жинай алады.
«Әрине, алдымен қолды жаттықтыру керек. Мектепте, алғашқы әскери дайындық сабақтарында мен үздіктердің бірі болдым, сондықтан әскерге келгенде көп нәрсе маған оңай болды», — дейді сарбаз Ерасыл Асқар.

Ал қатардағы жауынгер Нұрсейіт Алдан қол күрестен қарсылас шақ келтірмейді. Армрестлинг спорт түрінен әлем чемпионы.
«Біз он доспыз, бір-бірімізді бұрыннан жақсы танимыз. Егер біреуіміздің көңіл-күйі болмай жатса, өзгелері бірден қолдау көрсетуге тырысады — ешкім жалғыз қалмайды», — дейді сарбаз Нұрсейіт Алдан.

Топтастары арасындағы ақын — Қайсар Жүсіп. Қолы қалт еткенде түрлі тақырыпта қалам тербейді. Анасына арнаған мына жыр жолдары әскерде жазылған.
«Біздің бірге қызмет етіп жатқанымыздың үлкен артықшылығы — аналарымыздың жүрегі тыныш. Анам қоңырау шалғанда тек мені ғана емес, барлық достарымды да сұрайды, әрқайсысын аты-жөнімен таниды. Біз әрдайым бірге боламыз, бұл оған тыныштық сыйлайды», — дейді сарбаз Қайсар Жүсіп.

Сарбаздар осымен 8 ай бойы азаматтық борышын өтеп жүр. Олар Теміртау қаласының көшелеріндегі қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалайды.

«Біздің әскери бөлімде мұндай жағдайлар жиі кездеседі: бірге егіздер, сыныптастар қызмет етеді. Оларды ажыратпайды, керісінше қолдайды. Барлығы өте ұйымшыл, тіпті талантты деуге болады. Шынымен де, өте жақсы жігіттер», — дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5516 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары Қуаныш Жамалқожа.
Азаматтық борышын өтеген сарбаздар енді бір университеттің бір факультетіне оқуға түсуді жоспарлайды. Бұл арманға жетудің де ауылы алыс емес. Себебі «Сарбаз» бағдарламасы бойынша әскери қызметті өтеген кез келген азамат Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне қарамастан жоғары оқу орнының студенті атана алады.

