Қарағанды өңірінің спорт қоржыны тағы бір алтынмен толықты. Парапауэрлифтингтен топ жарып жүрген жас спортшы Ернұр Жаманов Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Парапауэрлифтингтен Азия және Океания чемпионаты Таиландтың Бангкок қаласында өтті. Дүбірлі додаға 23 елден 249 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен 19 жастағы қарағандылық Ернұр Жаманов ел үмітін ақтады. Осылайша оғлан чемпион атанды.

«Бұл жеңіс – мен үшін ғана емес, мені қолдаған барша жанкүйерлер мен бапкерлерімнің еңбегінің нәтижесі. Жарыс оңай болған жоқ, әр қарсылас мықты дайындықпен келді. Бірақ мен өзіме сендім, әр жаттығуда төккен терім ақталатынын білдім. Туды көкке көтеріп, Қазақстанның Әнұранын есту – сөзбен айтып жеткізу қиын сезім. Алда бұдан да үлкен мақсаттарым бар. Бұл жеңіс мені тоқтатпайды, керісінше, одан әрі шыңдала түсуге жігер береді. Ел сенімін ақтау – мен үшін үлкен жауапкершілік. Барша қолдау білдірген жандарға алғыс айтамын!» – дейді парапауэрлифтингтен Азия чемпионы Ернұр Жаманов.

Найзағай намысты спортшының жетістіктері жетерлік. Спорт саңлағы былтыр жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал 2026 жылы жерлесіміз ел чемпионы атанып, оқ бойы озық шықты. Ернұр Жаманов – республикалық Паралимпиада ойындарының жеңімпазы.

«Спортқа барғысы келіп, бастапқыда боксқа қызыққан. Бірақ денсаулығын ескере отырып, ойластық. Ағасы Жалғас “бокстан гөрі ауыр атлетикаға берген дұрыс болады” деді. Сосын ақылдасып, бердік. Басында барғысы келмеген, бірақ жаттығуларды көргеннен кейін боксқа бармай, осы ауыр атлетикаға барамын деп шешті», – дейді Ернұрдың әкесі Аян Жаманов.

Ернұр Жамановтың спортқа деген қызығушылығы бала кезден басталған. Алғашында боксқа әуестенген ол кейін әкесінің қолдауымен жаңа бағытты таңдады. Әкесі әлеуметтік желі арқылы облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт мектебін көріп, ұлын сол жерге беруді жөн санаған.
Уақыт өте келе Ернұр үшін пара пауэрлифтингтен танымал спортшы Давид Дегтярёвтың жетістіктері үлкен мотивацияға айналды. Оның табыстары үлгі болып, биік мақсаттарға жетуге ұмтылуға серпін берді.

Спортшының бапкерінің айтуынша, бастапқыда оған оңай болмаған. Ортаға бейімделу, жаттығу ырғағына үйрену қиындық тудырған. Дегенмен табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында ол қысқа уақыт ішінде жақсы нәтиже көрсете білді. Астанада өткен командалық және жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды.
«Бәлкім, кез келген спортшы сияқты, алғашқы жаттығуға келген кезде ол да өзін біршама қысылған күйде сезінді. Жаттығу барысында тәжірибе жинақтап, жарыстарға қатысу арқылы ол біртіндеп бейімделіп, әлеуметтік тұрғыдан ашыла бастады. Біз күнделікті жаттығып, техникасын жетілдіру үстіндеміз», – дейді парапауэрлифтингтен бапкер Андрей Шпицер.
19 жастағы спортшы енді тамыз айында Ақтау қаласында көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында өтетін ел чемпионатында бақ сынамақ.


