Қарағанды облысындағы Балқаш қаласының тұрғыны пластикалық қақпақтарды кәдеге жарату арқылы талайды тамсандыруда. Ол өзінің ерекше хоббиімен «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, халықты кез келген қоқысты іске жаратуға шақыруда. Тақырыпты тілші тарқатсын.
Ерекше өнерімен көпті тәнті етіп жүрген Юрий Воробьев 67 жаста. Ол қабырғаларды қақпақтармен әсем безендіріп қойған. Түрлі бейнелер бар. Үйіне кіріп келеміз. Тіпті, кіреберісінің өзінде еденге төселген қақпақтардан жасалған өрнек тұр. Мұны төсеніш ретінде де пайдаланған. Таңданбасқа амал жоқ. 67 жастағы Юрий Воробьевтің үйінің кіреберісі құдды бір ертегі әлеміндей. Қабырғалар мен еденде түрлі ертегі кейіпкерлері, аң мен құстардың бейнесін көре аласыз. Ол жылдар бойы жасаған жұмысында шамамен 70 мың қақпақты қолданған.
Юрий ВОРОБЬЁВ, Балқаш қаласының тұрғыны
Бар ғұмырымда зейнет жасына дейін комбинатта дәнекерлеуші, шебер болып жұмыс істедім. Пластик қақпақтарды жиып, түрлі бейнелер жасадым. Кейін көрші-қолаң, жақындарым бұл ісіме тәнті болды. Олардың жұмысымды бағалап, таңдана қараулары мені шабыттандыра түсті. Осы қақпақтар көшеде, көрінген жерде қоқыс болып шашылып жатады. Мен неге осыны іске жаратпасқа дедім. Міне, осылай бірнеше жыл айналысып келемін.
Қос қабатты үйдің кіреберісін безендіргенде зейнеткер түрлі-түсті қақпақтарды қолданған. Дәліздің көрінісі көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлайды, дейді Юрий Воробьев. Балқаштық шебер бұдан бөлек қақпақтардан портрет те жасайды. Қазір ұлына сый ретінде дельфиннің сұлбасын жасауда.
Аулаларда, көшелерден өткенде әр жерде түрлі қоқыстарды көремін. Іштей қынжылып қаламын. Әр адам жұмысынан бөлек, жаны қалайтын осындай дүниемен айналысса қоғамға пайда болар еді. Қала тазалығы үшін қолға күрек ұстау маңызды емес. Қолданыстан өткен заттарды өңдеп, іске жаратуымыз керек. Бұрын қақпақтарды жұбайым екеуіміз жинайтынбыз. Қазір мені қолдаушылар көп. Жуырда облыс әкімі жұмысымды бағалап, сыйлық жасады. Мұның өзі үлкен шабыт береді.
Юрий Воробьевтің көршілері қазір дәлізді сылап, жөндеп әуре болмайды. Өйткені қақпақтармен безендірілген қабырға тек сән беріп тұрған жоқ, сонымен қатар берік әрі таза болуының да септігін тигізуде. Зейнеткер ерекше хоббиін Балқаш қаласының тазалығы үшін қосқан үлесім деп біледі.
