Воскресенье, 19 июля, 2026
ДомойПолезноеЛюди«Асыл қаңылтыр» өндірілетін жер: металлургия комбинаты шеберінің бір күні

«Асыл қаңылтыр» өндірілетін жер: металлургия комбинаты шеберінің бір күні

Қарағанды облысының Теміртау қаласында металлургия саласына бір жарым ғасырдан астам уақытын арнаған еңбек әулеті бар. Лугановтар отбасы бүгінде әріптестеріне ғана емес, қоғамға үлгі болып отыр. Ауысым басталысымен өндірістегі ахуал пысықталып, жауапты мамандар өзара кеңеседі. Кейін ұжыммен күндік міндетті нақтылап, жұмыс барысын үйлестіруге кіріседі. Евгений Луганов үшін бұл – соңғы 15 жылдан бері қалыптасқан күнделікті еңбек ырғағы.

«Жұмыстың қызығы көп. Күн сайын жаңа нәрсе үйренемін. Өзім жинаған тәжірибені, үйренген дағдыны қарамағымдағы қызметкерлерге бөлісіп отырамын. Әр күн жаңа міндет, өзгеше жауапкершілік алып келеді», — дейді «Qarmet» металлургия комбинаты №3 қаңылтыр цехының жөнелту шебері Евгений Луганов.

Евгений Луганов

Лугановтар әулеті үшін металлургия – жай ғана мамандық емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмір жолы. Әулеттің өндірістегі жалпы еңбек өтілі – 157 жыл. Комбинатта Евгенийдің ата-анасы, туыстары мен жиені де еңбек етеді. Ал өзі еңбек жолын көпірлі кран машинисі болып бастап, 12 жылдан астам осы қызметте жұмыс істепті. Кейін аға бригадир атанып, бүгінде өнім жөнелту шебері ретінде үлкен ұжымға жетекшілік етеді.

«Алғашқы жұмыс күнім әлі есімде. Ешнәрсе белгісіз, аздап қорқынышты болды. Жұмыс орнымды көрсетіп, білікті маманға бекітті. Біртіндеп үйреніп, тәжірибе жинадым. Қызықты да, жауапкершілігі мол кезең еді», — дейді Евгений Луганов.

мастер-отгрузки-ЛПЦ-3-металлургического-комбината

Қазір Евгений Лугановтың қарамағында 32 қызметкер бар. Олар дайын өнімнің сапалы қапталып, белгіленген мерзімде тұтынушыға жөнелтілуіне жауап береді. Тұрмыстық мақсаттағы және өндірістік қолданысқа арналған металл өнімдері, рулон және табақша болат, ақ қаңылтыр – мұның бәрі осы цехта дайындалып, әлемнің әр түкпіріне жол тартады.

«Бұл – дайын өнімді қаптап, тұтынушыға жөнелтетін негізгі алаң. Қазір мұнда 80–90 адам еңбек етіп жатыр. Әр маманның атқаратын міндеті бөлек. Бір қарағанда байқала бермейтін жұмыстың өзі үлкен нәтижеге жол ашады. Әркім өз ісін сапалы орындағанда ғана өнім уақытында жөнелтіледі», — дейді металлург.

ЛПЦ-3

Бұл бөлім ай сайын 9–10 мың тоннаға дейін өнім жөнелтеді. Оның 4 мың тоннасы – ақ қаңылтыр, ал 6 мың тоннасы – құрылымдық болат өнімдері.

«Мен үшін ең бастысы – адамдардың амандығы. Қауіпсіздік бәрінен жоғары тұрады. Одан кейін өнімнің сапасы. Әрбір тапсырыс талапқа сай болуы керек. Осы екі қағиданы үнемі бірінші орынға қоямын», — дейді еңбек адамы.

Өндірістегі жауапты қызметімен қатар Евгений Луганов комбинаттың қоғамдық өміріне де белсенді араласады. Ол еңбек адамының ел дамуына қосатын үлесі ерекше деп есептейді.

Металл

«Жұмыстан қашпау керек. Бұл – қызығы мол мамандық. Үнемі үйреніп, ізденіп, өзіңді дамыту маңызды. Сонда ғана жақсы маман бола аласың. Ең бастысы – тоқтап қалмай, алға ұмтылу», — дейді ол.

Күн сайын мыңдаған тонна өнімнің сапалы әрі уақытылы жөнелтілуіне үлес қосып жүрген Евгений Луганов үшін ең үлкен марапат – еңбектің нәтижесін көру. Ал жас мамандарға айтары біреу. Еңбекке адалдық пен жауапкершілік – нағыз металлургке тән қасиет. Лугановтар әулетінің өнегелі жолы осының айқын дәлелі. Бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы өндірістің дамуына үлес қосып келе жатқан әулет бүгін де еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып келеді.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное