Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 83 жастағы таксист ақсақал тұрады. Тілеуқор Қанапияұлының көзі 100 пайыз көреді. Жолдағы шұрық-тесікті алыстан аңғарады. 65 жылдың еңбек өтілінде бірде-бір рет жол ережесін бұзып көрмепті.
Қарқаралы аумағында Тілеуқор атаны танымайтын адам кемде-кем. Көлігінің іші жылы, жолаушы үшін жайлы. Қажет десеңіз, жанды дауыста ән де шырқап береді.
«Егер мен үйде отырсам, ауырып қаламын. Кейін көлігіме барып, рульге отырғанда бірден энергия мен көңіл-күй пайда болады. Маған осылай жеңіл. Балаларым “осы күнге дейін жолда жүріп келдің, енді демал” деп айтады. Бірақ бұл ісімді қалдыра алмаймын», — дейді Тілеуқор Қанапияұлы.
Оның күн тәртібі тығыз. Қарқаралы қаласы мен Нұркен ауылы бағытында күнде жүреді. Қажет болса, Қарағанды, Ұлытау облыстары бойынша жолаушыны діттеген жеріне жеткізеді.
«Өте сенімді көлік. Қайда барсам да Тілеуқор атаны шақыртамын. Себебі ешқашан жолда қалдырып көрген жоқ. Көлігі күйлі. Жол бойы әңгімелесіп, тарихты айтып, ауылдың проблемаларын да қозғап қоямыз», — дейді ауыл тұрғыны Қайдар Төлеутаев.
Көлікті алғаш 18 жасында тізгіндеген. Содан бері 65 жыл бойы таксист болып еңбек етіп келеді. Осы кәсіптің арқасында отбасын асырады, балаларын оқытып, үйлендірді.
«Осылай такси жүргізіп жүріп, ақша жинап, 9 көлік сатып алдым. Өзіме және балаларыма бір-бірден көлік мінгіздім. Бұл менің осы жұмысымның арқасы. Ұлыма пәтер сатып алу үшін 5 мың доллар жинап бердім. Менің жұмысымда ең бастысы — қауіпсіздік. Егер адам ұйықтамаса, бұл апатқа әкелуі мүмкін. Егер жол ережелерін сақтап жүрсең, жол-көлік оқиғасы болмайды. Мен мұның тірі мысалымын», — дейді Тілеуқор Қанапияұлы.
Көлігінің жағдайы Тілеуқор атаның үнемі бақылауында. Ақау табылып жатса, лезде жөндеп алады. Ол жол ережесін бұзып көрмеген таксист. Жолға шықпас бұрын 8 сағат тынығып алады — бұл басты принципі. Қария жаяу жүруді дағдыға айналдырған. Қақаған аяздың өзінде таза ауада 3 шақырым жүреді. Бұл көбінесе таксистерге пайдалы дейді зейнеткер. Таңғы жаттығу да күн тәртібінен түспейді.
«Егер күнделікті жаттығу жасамасам, осы 83 жасымда осындай тың жүрмес едім. Бос уақытым бола қалса, жаттығу жасаймын. Күнде таңертең және кешке уақытымды спортқа арнаймын. Тау жаққа барып, жүріп келетінім де бар. Такси жүргізушілерін салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын», — дейді Тілеуқор Қанапияұлы.
Қарияның бата беру өнері де ерекше. Әр сөзін ынтымақ, береке, жақсылыққа бағыттайды. Тілеуқор Қанапияұлы 8 баланы тәрбиелеп өсірген. 32 немере мен 23 шөберенің атасы. Қазір Ақшоқы бөлімшесінде тұратын шөберелерін Нұркен ауылындағы мектепке тасымалдап, алаңсыз білім алуына жағдай жасап жүр.