Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 85 жастағы ақсақал сәйгүлік мініп, аламанда жүзден жүйрік шыға алады. Керек десеңіз шу асау аттарыңды үйретеді. 9 жасынан бері аттан түспеген Оңдасын Ақыжанов бұл денсаулығымның мықты болуының кепілі дейді.
Жаңатоған ауылына келген қонақ бірінші арғымақ мінген атаны көреді. Оңдасын Ақыжанов 85 жаста. Ауылдың жасы үлкен қариясы осы кісі. Ақсақалдың жеке жылқы шаруашылығы бар. Оны бағып, баптауды өзінен басқаға сенбейді. Асқаннан немесе сасқаннан емес. Біріншіден, жердің шұрайлыcын жақсы біледі. Бірнеше үйірге бөліп тастап, жайылымның әр жеріне өргізеді. Бұл малдың қысқа қоңды түсуінің кепілі дейді. Екіншіден, сексенді алқымдаған қарияның әлі тың болуым ат үстінен түспегенімнің арқасы дейді. Арғымақтың бірқалыпты жай жүрісінен адам денесі 110 түрлі тербелісте болады екен. Яғни, барлық буын үнемі қозғалыста.
«Атқа міну денсаулығым үшін жақсы. Ауырмаймын. Көбісіне ақыл етіп айтамын, атқа мініңдер десем, ой машақаты көп дейді. Бірақ, бұл нағыз денсаулық кепілі ғой. Талай аттың астында қалдым жылқы қуып жүріп, жылқы ұстап жүріп те арқанмен оратылып та қалдым. Менікі үйренген тозағын қимайдының кері ғой», — дейді Жаңатоған ауылының тұрғыны Оңдасын Ақыжанов.
Қария атта шапқанда алдына жан салмайды. 25 жастағы жас жігітпен жарысқа түссе, шаң ілестірмеуге шамасы бар. Шабандоз кезінде талай тойдың аламанында оза шапқан. Бүгіннің өзінде асау аттарды үйретіп, арқыраған арғымақтың әуселесін басып бере алады.
«Маған асауы да, жуасы да бәрі бір. Асау болса үйретемін. Балалардан гөрі өзімнің үйреткенімді жақсы көріп тұрам. Балалар сыңарезу қылдырып тастайды. Бір жағына бұрылады, бір жағына бұрылмай қалады. Ал мен екі жағына бірдей қылдырып қалыптастырам», — дейді ақсақал.
Жетімдік тауқыметін ерте тартқан азамат 9 жасынан бастап ат үстінен түспепті. Совхоздың қой, сиыр, жылқысын баққан. Уағындағы өңірдің озық шопандарының бірі. 80 биеден 80 құлын алып, үздік жылқышы да атанған. «Қой баққан кездері талай далада қалдық. Қой қырылады деп қораға қамаймыз. Қой жаңбырлы күні шықпай қояды. Оған бір уыс шөпті салып алып, қойды шөппен жетектеп отырамыз»,-дейді жұбайы Әзия Ақыжанова.
Ата мен әженің отасқандарына биыл 63 жыл. 8 бала тәрбиелеп өсірген. Еңбек адамдары енді немере-шөберелерін ата кәсіпке баулуды көздейді.