Қазақстанда 100 жастан асқан 423 адам бар. Ал еліміздегі ең қарт әже Ұлытау облысында тұрады. Ғасырды еңсерген ана биыл – 115 жаста. Әлі күнге кесте тігуге бейім. Ғасырды еңсерген Түймекүл Темірбаева Жамбыл облысының тумасы. Бүгінде Ұлытау өңіріне қарасты Қызылжар кентінде 25 жылға жуық тұрады. 4 баланың анасы. Жеке куәлігіне көз жүгіртсек, осы жылдың қаңтарында 115 жасқа толған.
Түймегүл Темірбаеваның күнделікті ермегі – осы. Қолына сабақты инесін алып, көрпе тігуден жалықпайды. Ол біз тарих беттерінен оқитын қилы кезеңді көзбен көрген ана. Жастайынан ашаршылық жылдарының ауыртпалығын сезініп өскен. Отбасы құрып, жан бағу үшін атқа мініп, қой жайып, жылқы да баққан.
«Қарағандыға барып сиыр саудық, сүт саттық. 25 жыл жылқы бақтық. Бармаған жер, баспаған жер жоқ. Атқа мініп шауып жүрдік, жылқы бақтық. Басымыз аман, деніміз сау болсын. Өмір ұзақ болсын», — дейді 115 жастағы Түймегүл Темірбаева.
Биыл 115 жасқа толған ақжаулықты ана еліміздегі ең қарт әже. Отағасы Аязбай Темірбай 1899 жылы туып, 95 жасында дүниеден өткен. Екеуі ауылдың ауыр жұмыстарын бірге еңсерген.
«Менің өзім Сөрті деген өзеннің жағасында туғанмын. Содан есімімді Сөртібай деп қойған ғой. Жылқы жайып жүргенде далада туғанмын ғой. Жұмыста жүрген уақытта кешкі тамағымызды дайындап қояды. Балаларға тамақ береді. Киіндіреді. Үйдің тірлігіне араласпаңыз, өзіміз тындырамыз десе де үйреніп қалған ғой. Көнбейді. Үнемі қимылдап жүреді. Отырып алып кейде өзі кесте тігіп отырады», — дейді Т. Темірбаеваның ұлы Сөртібай Темірбай.
Түймегүл Темірбаеваның елдегі ең қарт әже екенін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері де растаған. Елді мекенде қандай іс-шара өтсе де қария назардан тыс қалмайды. Мектеп оқушылары үнемі үйіне барып, ауласын тазалап, ақ батасын алып тұрады.
«Біз осы ауылымызда 100-ден асқан қарт анамызды құрметтейміз. Мақтан тұтамыз. Мереке сайын балаларымыз зейнеткерге көмектесіп, сол кісіден бата алып тұрады. Еңбек адамы ғой. Жас кезінде жылқышы болған. Әр жұмысына жауапкершілікпен қарайтын еді. Таза, дастарханын жайып, қонағына барын салатын адам болды. Қазір біз ауыл тарихын білгіміз келсе, осы кісіге барып, ақпарат аламыз», — дейді Қызылжар кенті мектебінің оқу ісі бойынша меңгерушісі Алтын Жанбекова.
Түймегүл Темірбаева 4 баладан 20 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Кейуананың бар тілегі – елдің бейбітшілігі, жұрттың амандығы.